Осынау айтулы мерейтойға орай ғалымды университет ректоры Сейтбек Қуанышбаев бастаған оқу орнының басшылығы арнайы құттықтап, ғылым мен білім саласындағы көпжылдық еңбегіне жоғары баға берді.
Әріптестері ізгі тілектерін арнап, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұстаздың кәсіби жолына құрмет көрсетті.
Салтанатты кездесуде Сейтбек Бекенұлы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, қазақ ғылымы мен әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі, ұлттық руханиятты зерттеудегі қажырлы еңбегі және жас ғалымдарды тәрбиелеудегі өлшеусіз қызметі үшін алғыс білдірді.
Алмасбек Ахметұлы – әдебиет пен тарихты сабақтастыра зерттеп, ұлттық құндылықтарды ғылыми тұрғыдан зерделеуге елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым. Оның қаламынан туған 170-тен астам ғылыми мақала, фольклортану мен алаштану бағытындағы іргелі монографиялық зерттеулер, сондай-ақ 8 әдістемелік оқулық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Зерттеу еңбектері халықаралық деңгейдегі беделді ғылыми басылымдарда тұрақты жарияланып, отандық ғылымның абыройын асқақтатуда.
Ғалымның жетекшілігімен туған өлкенің тарихы мен рухани мұрасын жаңғыртуға бағытталған бірқатар ауқымды ғылыми жобалар мен экспедициялар табысты жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, «Тобыл экспедициясы: И. Фальк ізімен» (2016) және «Ұлы Дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» (2017) ғылыми экспедициялары өңір тарихын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.
Алмасбек Ахметұлының ғылыми ізденістерінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу айрықша орын алады.
Оның бастамасымен архивтік құжаттар мен тарихи деректерге сүйенген тың ғылыми еңбектер жарық көріп, ахметтану ғылымының көкжиегі кеңейді. Ғалымның жетекшілігімен ұйымдастырылған «Ахмет Байтұрсынұлы ізімен: Орынбор кезеңі» (2019) және «Ұстаз жолы: Орынбаев мектебі және Қостанай педагогикалық сыныбы» (2022) ғылыми экспедициялары ағартушының өмір жолын жаңа деректермен толықтырып, ғылыми айналымға құнды мәліметтердің енуіне жол ашты.
Мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасы амандығын, шығармашылық шабыт пен ғылыми ізденістеріне толайым табыс тілейміз!






