Өздеріңіз білетіндей, Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындары үшін Қазақстан бойынша гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылған. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ұжымы да шет қалмады. Бүгін апат аймағына қажетті тауарлар тиелген жүк көлігі жөнелтілді. Оқу орнының студенттері мен оқытушылары машинаны азық-түлік (сақтау мерзімі ұзақ), жылы киімдер, гигиена және оқу құралдары, көрпелер мен жастықтар, дәрі-дәрмектермен толтырды.
Бұл акцияға университеттің «Аялы жүрек» еріктілер клубының студенттері де белсенділікпен қатысты. Сондай-ақ, бірқатар оқытушылар өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында құрылған Бірыңғай қоғамдық қорға тікелей ақша аударған. Кейбірі жалақыларын алғаннан кейін аудармақшы.
Қазір отбасылары тілсіз жаудан зардап шеккен студенттердің тізімін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Университет басшылығы бұл студенттерге жан-жақты көмек көрсетуге дайын.