Бүгін ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Найманов Досқали Құрмашұлы 80 жасқа толды. Ғалымның шәкірттері мен әріптестері мерейтой иесінің құрметіне «Мал шаруашылығының даму келешегі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Онда жылдың әр түрлі мезгілінде дайындалатын құрттың сапалық көрсеткіштері, Қазақстандағы жылқы санының өсуі, сондай-ақ жыл мезгіліне байланысты сүттің физика-химиялық көрсеткішінің өзгеруі әңгіме өзегіне айналды.
Конференция барысында Досқали Наймановты С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Сауқымбек Шәуенов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін және Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Қаби Шайкенов құттықтады. Олар мерейтой иесінің аймақтағы ауыл шаруашылығына қосқан қомақты үлесі туралы айтты. Ғалым ағамыздың ірі қара малды өсіру, сәйкестендіру және селекциялық-асылдандыру жұмыстары, ет өнімділігі, асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу және консалтингтік қызметтерінің арқасында Қостанай облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар ол 120-ға жуық ғылыми еңбектердің, ондаған оқулықтардың, ұсыныстардың, электрондық оқулықтардың авторы. 2005-2020 жылдар аралығында Досқали Наймановтың жетекшілігімен 7 ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 3 PhD докторлар, 15 ауылшаруашылық ғылымдарының магистрлері дайындалды. Жалпы еңбек өтілі – 51 жыл.
2019 жылы 40 жылдан аса жоғары дәрежелі ауылшаруашылығы кадрларын даярлауда қосқан үлесі үшін Досқали Құрмашұлына А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.