Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де Президент Жолдауын талқылау бойынша сарапшылар кеңесінің отырысы өтті.
1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын ұсынған болатын. Мемлекет басшысы таяу болашаққа қандай міндеттер қойды, басты мақсат қандай?! Осы және өзге де мәселелерді университет ғалымдары мен белсенді студенттер дөңгелек үстел барысында талқылады.
Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Сымбат Укин Жолдаудың құқықтық аспектілеріне тоқталды, атап айтқанда, саяси шенеуніктердің жеке жауапкершілігін арттыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру қажет екендігін алға тартты.
Ахмет Байтұрсынов мұражайының меңгерушісі, қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Қалқаман Жақып жастар мәселесіне тоқталды. Басты түйткіл – жастардың синтетикалық есірткіні жиі қолдануы. Қалқаман Хасенұлы жастарға: «Еліміздің болашағы сіздерсіздер, сондықтан өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарап, мемлекетке пайда әкелу керектігіңізді де естен шығармағандарыңыз жөн»,-деді. Бүгінде жастарға, жас отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көп. Биылдан бастап «Ұлттық қор - балаларға» жобасы іске асады.
Қауымдастырылған профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Серікжан Исмаилов пен студенттік Парламент мүшесі, «Тарих» ББ-ның 3 курс студенті Анель Пимичева Президент Жолдауының басқа да тұстарына тоқталды.