Экономика және құқық институтының экономика бағытындағы кафедра меңгерушілері мен институт басшылары Қазтұтынуодағының Қостанай жоғары экономикалық колледжі студенттерімен кездесті. Кездесу әдеттегідей онлайн форматта өтті. Онда колледж студенттерін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне қабылдау ережелері сөз болды.
Конференция модераторы – институт директорының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Елена Васильчук.
Экономика және қаржы кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Дина Кенжебекова «Экономика», «Қаржы», «Құқық және экономика негіздері» білім беру бағдарламаларының негізгі сипаттамалық ерекшеліктерін атап өтті. Бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім алу мүмкіндігі, оқуды бітіргеннен кейінгі қызмет саласы және мамандар табысының мөлшері, оқытуды ұйымдастырудағы кафедраның материалдық-техникалық мүмкіндіктері, өндірістегі тәжірибеге бағытталған кәсіптер, шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық, академиялық ұтқырлық және білім беру бағдарламаларының басқа да ерекшеліктері туралы айтты.
Институт директорының орынбасары Орал Такиров талапкерлер мен білім алып жатқан студенттер жеңілдік алуға немесе оқу ақысынан толықтай босатылуға мүмкіндіктері бар екенін мәлімдеді.
Студенттердің қосымша сұрақтары оқу ақысын төлеу, қолданбалы бакалавриаттан кейінгі (орта кәсіптік білім негізінде) оқу мерзімдерін нақтылауға байланысты болды.