«Қаржы орталығы» АҚ-ның өкілі Жанат Ибраева А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің мемлекеттік білім гранты бойынша білім алып жатқан студенттерімен, магистранттарымен және докторанттарымен кездесті. Қонақ грантты міндетті түрде өтеу, студенттерді жұмыс орындарына дербес бөлу және оларды жұмысқа орналастыру ережелерін түсіндірді.
Атап айтқанда, мемлекеттік білім гранттарын әзірлеу мәселелеріне қатысты Жанат Сәметқызы 2021 жылдың 8 қаңтарынан бастап «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін, оған сәйкес Жұмыспен өтеу мерзімін анықтау формуласына сәйкес бюджет қаражаты есебінен кеткен шығыстарды іс жүзінде жұмыспен өтелген кезеңге мөлшерлес өтеу көзделген. Яғни, студент екі жыл грант бойынша оқып, кейін ақылы формаға ауысса, ол мемлекеттік грант бойынша оқыған жылдарына сәйкес уақытты өтеуі керек. Дәл осы ереже ақылы білім алатын студенттер грант бойынша бос орындарға конкурс арқылы түскен жағдайда да қолданылады.
Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңда грантты өтеуден босату нысандары да қарастырылған, бірақ мұндай шешімді тек оқу орнын бітірген жылы дербес бөлу комиссия мүшелері төмендегі жағдайларды ескере отырып қабылдайды:
• жұбайының тұрғылықты жері, жұмысы немесе қызметі бойынша елді-мекенде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда;
• бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
• мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде магистратураға немесе докторантура одан әрi оқуға қабылданған тұлғалар;
• жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар және жалғыз басты аналар.
Әскери қызметтегі Қазақстан Республикасының азаматтары борышын өтеп болғаннан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтейді. Ал жұмыспен өтеу міндеттерін орындамаған жас маман оқуына бюджет қаражаты есебінен шыққан шығындарды өтеуі керек. Бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығындарды өтеу нақты атқарылған мерзімге сәйкес жүзеге асырылады.
Өтеу шарттарымен толығырақ сілтеме бойынша өтіп, таныса аласыздар:
https://ksu.edu.kz/images/News/2023/%D0%BC%D0%B0%D0%B9/19/fin_centr_otrabotka_granta-_2023.pdf