Реформаға СТУДЕНТТІК көзқарас

ҚӨУ-де «Қазақстанның конституциялық жаңғыруы: мемлекеттік институттарды жүзеге асыру мен трансформациялаудың құқықтық құралдары»» атты дөңгелек үстел өтті.

Талқылауға оқытушылар мен студенттер, магистранттар, сондай-ақ «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалициясының өкілдері қатысты.

Кездесудің мақсаты – конституциялық реформаның өзекті мәселелерін, оны жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін, сондай-ақ жастар мен академиялық қауымдастықтың заманауи саяси-құқықтық процесстерді және құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін талқылау.

Дөңгелек үстелдің модераторы, экономика және құқық факультетінің мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Укин конституциялық өзгерістерді ғылыми-сараптамалық тұрғыдан талқылаудың маңызын атап өтіп, мұндай іс-шаралар заңгер студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға және мемлекеттік-құқықтық үдерістерге кәсіби көзқарас қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.

Алғашқы болып сөз алған ҚӨУ-нің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбеков конституциялық реформа мемлекеттің дамуының маңызды кезеңі және жаңа Конституция еліміздің көпжылдық стратегиялық бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.

Іс-шараға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалициясының мүшелері – AMANAT партиясы Қостанай облыстық филиалының заң кеңесшісі Ермек Аскаров және ҚӨУ-дың «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранты Аружан Сарсенбаева қатысты.

Олар конституциялық өзгерістердің маңыздылығы және реформаны түсіндіруде қоғамдық ұйымдардың рөлі туралы өз көзқарастарымен бөлісті.

Дөңгелек үстел барысында студенттер мен магистранттардың конституциялық дамудың әртүрлі аспектілеріне арналған баяндамалары тыңдалды.

Аружан Сарсенбаева «Конституциялық реформалар, цифрлық қоғамдағы өзгерістер мен әлеуметтік желілердегі фейк ақпарат» тақырыбында баяндама жасады.

Өз сөзінде ол цифрландырудың саяси-құқықтық үдерістерге ықпалын талдап, әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникациялардың дамуы ақпаратты қорғау және жалған ақпараттың таралуына қарсы тұру үшін жаңа құқықтық тәсілдерді талап ететінін атап өтті.

Аружан медиасауаттылық пен фактчекинг мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын да айтты.

Мысал ретінде ол хайп пен трафикті мақсат көріп, «айқайлаған» ұрандар мен тақырыптар арқылы қаралым жинайтын пабликтер мен блогерлерді келтірді.

ҚӨУ магистранты Анна Неизвестная «Миранда ережелерін конституциялық тұрғыдан бекіту» тақырыбында баяндама жасап, азаматтарды тұтқындау кезінде олардың процессуалдық құқықтары туралы хабардар етудің адам құқықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті.

4 курс студенті Ерсұлтан Үсен конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарына, соның ішінде билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу және қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Дөңгелек үстел қазіргі конституциялық процесстер мен жастардың құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі туралы мазмұнды пікірталас алаңына айналды.

Қатысушылар мұндай кездесулер студенттердің құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Қабылдау комиссиясы