Бүгін Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының ұйымдастыруымен А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің соңғы курс студенттері үшін «СТАРТ МАНСАП – ТҮЛЕК-2023» семинары өтті. Семинарға оқу орнының ректоры Сейітбек Қуанышбаев, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинар 2023 жылғы түлектерді еңбек нарығына бейімдеу мен мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпарат беруге бағытталған. Мәселен, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы медициналық, педагогикалық, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен түлектеріне қатысты. Оларға 300 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар жастардың үй салып алуына немесе сатып алуына қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатта әрбір жас маманға 4 594 500 теңге көлемінде қаржы беру көзделген.
Түлектердің Астана ХАБ «QazInnovations» ұлттық инновациялық даму агенттігінің гранттарын иелену мүмкіндігі де бар. Бұл туралы «QazInnovations» ұлттық инновациялық даму агенттігінің аймақтық менеджері Дамир Мнайдаров айтты. Ал «Даму» Қорының Қостанай облысы бойынша бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Елена Матвеева шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар туралы баяндады. Бұдан бөлек, «Жастар тәжірибесі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар.
Түлектердің жұмысқа орналасуы – университет қызметін бағалаудың негізгі критерийі, сондықтан Қостанай өңірлік университеті түлектерін жұмыспен қамту үшін көптеген мақсатты шаралар ұйымдастыруда. Соңғы оқу жылында 4-курс студенттері үшін оқу орны семинарлар, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін, жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырады. Нәтижесі жаман емес, соңғы екі жылдағы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 85 пайызды құрайды.