А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Рухани ұстаз, кемел тұлға» атты А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Онда ұлт ұстазының тұлғасы, шығармашылығы, бала оқытудағы методикасы туралы айтылды. Сондай-ақ университет ғалымдары еңбектерінің, 5 кітаптың тұсауы кесілді: Ақылбек Шаяхметтің «Ұлт ұйтқысы Ахмет», Алмасбек Әбсадықтың «Серт: Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық қызметі мен шығармашылығының беймәлім деректері», «Ұстаз жолы/Путь учителя (1895-1910)» монографиялары және Дмитрий Легкий, Ерден Ибраев, Әлібек Табылденовтің «Дальнейшее наблюдение за ним установлено». Ахмет Байтурсынов под надзором царской охранки (1905-1917 гг.) еңбектері. Оқырманға жол тартқан еңбектің тағы бірі – жуырда оқу орны басып шығарған ақын, публицист, ахметтанушы Байтұрсын Ілиястың «Алтын бесік» кітабы.
Байтұрсын Ілиястың шәкірттері, Журналистика факультетінің түлектері Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының үздік студенті Нұрсұлу Алматқа 100 000 теңге көлеміндегі бір реттік шәкіртақы табыстады.
Дөңгелек үстелдің модераторы, ҚӨУ-нің ректоры Сейтбек Қуанышбаев университеттегі Ахаңды ұлықтау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады.