Референдум және ел БОЛАШАҒЫ

Бүгін конституциялық реформа бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» облыстық Жалпыұлттық коалициясының өкілдері – Гүлмира Қапенова мен Дәурен Рахаделов ҚӨУ студенттерімен және оқытушыларымен кездесті.

Коалиция мүшелері жаңартылған Конституция жобасында қарастырылған негізгі бағыттар туралы түсіндіріп, жаңа саяси институттар жайында ақпарат берді.

Гүлмира Қапенованың айтуынша, құжатта отбасы құндылықтарын нығайтуға және отбасы институтын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Ол студенттерді Конституция жобасымен мұқият танысып, алдағы референдумда саналы шешім қабылдауға шақырды. Оның пікірінше, жаңа Конституция елдің және жас ұрпақтың болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат болмақ.

Ал заңгер Дәурен Рахаделов Конституция жобасындағы құқықтық нормалар мен енгізілген өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол сот жүйесіндегі жаңашылдықтар, адвокатура институтының дамуы, сондай-ақ «Миранда заңы» деп аталатын норма туралы айтты.

Сонымен қатар цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударды. Спикердің айтуынша, заман талаптары Конституция жобасында көрініс тауып, азаматтардың цифрлық құқықтары да заң жүзінде бекітіліп, қорғалады.

Кездесу барысында ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев қоғам қайраткері ретінде референдум өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сейтбек Бекенұлының айтуынша, уақыт өзгеріп, ел дамып келеді, сондықтан заңнамалық деңгейде де өзгерістердің болуы қалыпты.

Кездесу қатысушыларының айтуынша, 15 наурызға белгіленген референдум Конституция жобасын қоғамдық талқылаудың заңды қорытындысы болмақ.

Спикерлер жастарды азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге қатысуға және Қазақстанның болашағына өз үлесін қосуға шақырды.

Қабылдау комиссиясы