Baitursynuly University Smart-орталығында «PROF-START: Болашақ шеберлер қолында» атты аймақтық форум өтті. Бұл – жастарды, жұмыс берушілерді, сарапшылар мен билік өкілдерін біріктірген жарқын шара болды.
Басты мақсат – жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, заманауи өндірістегі цифрлық технологиялардың маңызын көрсету және білім мен бизнестің өзара байланысын нығайту арқылы жаңа цифрлық ұрпақ кадрларын даярлауға серпін беру.
Smart-орталық алаңында беделді спикерлер сөз сөйледі:
Форумды ҚӨУ ректоры Қуаныш Сейтбек ашты:
– 10 қараша – Қазақстанда Цифрландыру күні. Біз бұл күнді бірге атап өтуді жөн көрдік. Бүгін жұмысшы мамандықтарының келешегін, жаңа идеялар мен тәжірибелерді талқылаймыз. Баршаңызға сәттілік пен шабыт тілеймін!
Форум «галстуксыз диалог» форматында басталды. Бұл жастар мен саланың жетекші мамандары арасындағы еркін әрі ашық пікір алмасу алаңы болды.
Шараға 9-11 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ өңірдің жас мамандары қатысты.
Талқыланған басты тақырыптар: жұмысшы мамандықтары, жасанды интеллект және цифрлық болашақ.
Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын белсене қойды.
«New York Academy-ге грантқа қалай түсуге болады?»
– Құжат тапсыру қажет, бірақ бәсеке жоғары. 60 үміткердің ішінде небәрі бес адам ғана грант иегері атанады. Ең бастысы – өз қабілетің мен дарыныңды көрсету. Ағылшын тілін білу, аттестат немесе диплом және шығармашылық портфолио міндетті, – деді Данат Жумин.
«Жасанды интеллект адамды толығымен алмастыра ала ма?»
– Нақты болжау қиын. Он жыл бұрын ешкім SMM-менеджер немесе мобилограф секілді мамандықтар пайда болады деп ойлаған жоқ. Иә, роботтар ақылды болып келеді және кей жерлерде, мысалы, Жапонияда адам күшін толықтырып отыр. Бірақ технология ешқашан сүйіспеншілікті, махаббатты алмастыра алмайды. Бұл – адам баласын адам қылатын асыл қасиеттер, – деп жауап берді Жумин.
«Оқуда ChatGPT мен ЖИ-ді қалай пайдалану керек?»
– Бұрын білімнің басты көзі ұстаз болатын. Қазір жағдай өзгерді. Мәселе студенттің ЖИ қолдануында емес, оны қалай қолданатынында. ЖИ – адамның орнын басатын емес, оны толықтыратын құрал. Ақылдының білімін ЖИ еселей түссе, жалқауға оның пайдасы да болмайды, – деді Данат Есболұлы.
«ITL KZ компаниясында тәжірибеден өтуге қалай болады?»
– Үлкен тәжірибе қажет емес, ең бастысы – ықылас! Жастарды, әсіресе IT саласына қызығатын жандарды әрқашан да қолдаймыз. Айтпақшы, бізде тәжірибе ақылы, 50 мың теңгеден басталады!, – деді Евгений Инжеев.
Форум барысында жастар мен мамандар арасындағы әңгіме шынайы, еркін әрі шабытқа толы болды.
⠀
Шара соңында «Креативтегі кәсіби мамандықтар» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
TikTok-челлендж #PROFSTART_KZ
Бейнеролик «Менің мамандығым – менің таңдауым»
Комикс/иллюстрация «Шебер өмірінің бір күні»
Подкаст «Болашақ мамандықтары жастардың көзқарасымен»
Форумның соңында қатысушылар әр саланың қыр-сырын байқап, аз ғана уақытта өздерін түрлі кәсіп иесі ретінде сынап көрді – IT-ден бастап өндіріс саласына дейін.
ҚӨУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева қорытынды сөз сөйледі:
– Бүгінгі спикерлердің ойлары өте құнды болды. Ең қуантатыны – олардың басым бөлігі өзіміздің түлектеріміз. 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы екені белгілі, ал бүгінгі форум – сол игі бастаманың жарқын көрінісі.
Бүгінгі кездесуден оқушылар мен студенттер шабыт алып, маңызды тәлім-тәрбие мен тәжірибе жинады деп сенемін. Барша қатысушыларға алғыс айтамын!




















