Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның (ХХ ғасырдың 20-50 жж) 33 томдық материалдар жинағының тұсаукесері өтті.
Материалдарды басып шығаруға А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары – тарих ғылымдарының докторы Айдар Айтмұхамбетов, тарих ғылымдарының кандидаттары Серікжан Исмаилов пен Әлібек Табулденов, сондай-ақ Руслан Жүсіпов, Тұрар Елібаев, Қанат Қасымов үлес қосты. Олардың барлығы басылымның 18-томының «Қостанай облысы аумағындағы саяси қуғын-сүргін. 1920-1940 жылдар Құжаттар мен материалдар жинағының» авторлары.
Бұл жинақта жарияланған деректердің тарихи құндылығы зор, себебі оған Қазақстан Республикасының мемлекеттік, республикалық, облыстық және аудандық, сондай-ақ ведомстволық мұрағаттарының құжаттары енгізілген. Қостанайлық ғалымдар екі жылдай материалдар жинақтаумен айналысты.
Жинақтың 18-томына 1921, 1929-1931 жылдары Қазақстан аумағында және Қостанай облысында әрекет еткен «бүлікшіл бандалар» деп аталатын топтардың қызметін ашатын мұрағат материалдары, сондай-ақ мемлекет тарапынан 1929-1931 жж. халықты діни негізде қудалау, қазақ байлары мен кулактарды конфискациялау саясаты, Қазақстанға, Қостанай облысына жер аудару мәселесіне қатысты ақпараттар енгізілді.
Жарияланған деректер халқымыздың қасіретті тарихының беймәлім беттерін ашуға, зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа мұрағат құжаттарына қол жеткізуге және өткеннің объективті бейнесін қалптастыру үшін пайдалы мәліметтер алуға мүмкіндік береді.