Іс-шараның мақсаты – ядролық сынақтардың адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізген әсерін талқылау, «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының рөлі туралы айтып, студенттердің экологиялық және тарихи санасын кеңейту.
Семей ядролық сынақ полигоны – 1949-1989 жылдар аралығында Қазақстан аумағында жұмыс істеген КСРО-дағы алғашқы, әрі ең ірі ядролық полигон.
40 жыл ішінде мұнда кемінде 468 ядролық сынақ жүргізіліп, жүздеген мың адам радиацияға ұшырады.
«Невада–Семей» антиядролық қозғалысы 1989 жылы 28 ақпанда қоғам қайраткері, ғалым және ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылды.
Ол Қазақстан жерін ядролық сынақтардан азат ету ісіне үлкен үлес қосты. Полигон ресми түрде 1991 жылы 29 тамызда жабылды.
Ядролық сынақтардың салдары – адамдардың түрлі аурулардан қаза болуы, мутациялар, әлі күнге дейін пайдалануға жарамсыз жер аумақтарының улануы.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда полигондағы сынақтардан бір жарым миллионнан астам адам зардап шеккен.
Әлімжан Жүсіпов Семей ядролық полигонының ардагері, жабық Курчатов қаласында әскери борышын өтеген.
Әлімжан Рахымұлының айтуынша, олар қай жерде әскери қызмет атқарып жүргендерін де білмеген, өздерін Мәскеуде жүрміз деп ойлаған.
Әскери қызметшілер ядролық жарылыстарға дайындалу, өткізу және оның салдарын жою жұмыстарымен айналысқан.
Бүгінгі таңда Қостанай облысында Семей полигонындағы ядролық сынақтарға қатысқан және одан зардап шеккен шамамен 1,5 мың адам тұрады.
Ардагерлер бүгінгі және келешек ұрпақ ядролық сынақтардың қауіпін, әкелетін зардабын әрдайым естен шығармағандары тиіс дейді.
Ядролық қару – жер бетіндегі ең қауіпті қару. Бір ғана ядролық заряд тұтас бір қаланы жойып, миллиондаған адамның өмірін қиып, табиғи орта мен болашақ ұрпақтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.










