Дипломнан болашақ мамандыққа: BAITURSYNULY UNIVERSITY-дегі өзгерістер

Студенттер саны өсіп келеді, білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект енгізілуде, университет жұмыс берушілермен байланысын күшейтіп, талапкерлерге қойылатын талаптарды арттыруда.
Жоғары білім қызметкерлері күні қарсаңында Baitursynuly University басшылығы журналистерге университеттегі негізгі өзгерістер мен жаңа бағыттар туралы айтып берді.

Бүгінде Baitursynuly University-де 10 мыңға жуық студент білім алады. Салыстырмалы түрде айтсақ, осыдан төрт жыл бұрын университеттегі студенттер саны шамамен 6,5 мыңды құраған.

Қазір оқу орнында 165 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, білім беру үдерісіне 564 оқытушы тартылған.

Университет ректоры Сеитбек Қуанышбаевтың айтуынша, студенттер санының өсуі – жай ғана статистика емес. Бұл талапкерлер мен еңбек нарығының университетке деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын көрсететін көрсеткіштердің бірі.

6,5 мыңнан 10 мың студентке дейін: университет сұраныспен бірге өсіп келеді

2026 жылғы қабылдау науқаны университетке деген тұрақты қызығушылықты көрсетті. Биыл бакалавриат, специалитет, магистратура және докторантура бағдарламаларына 3 515 адам қабылданды. Олардың қатарында 82 «Алтын белгі» иегері және «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатын 60 студент бар.

Тағы бір айқын үрдіс – қосымша немесе жаңа біліктілік алуға деген қызығушылықтың артуы. Техникалық және кәсіптік білім негізінде қысқартылған білім беру бағдарламаларына колледждердің 844 түлегі қабылданса, тағы 225 адам жоғары білім негізінде оқуын жалғастыруды таңдаған.

Сонымен қатар талапкерлердің таңдауы да өзгеріп келеді. Ең сұранысқа ие бағыттардың қатарында дене шынықтыру және спорт, құқықтану, ағылшын тілі, психология, бастауыш білім беру, журналистика бар.

Дегенмен жаңа технологияларға деген сұраныс та барған сайын артып келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Тек қабылданған студенттердің санына ғана емес, жастардың қандай мамандықтарды таңдап жатқанына да назар аудару өте маңызды. Биыл «Жасанды интеллект және деректерді талдау» жаңа білім беру бағдарламасына 46 студент қабылданды. Ал магистратурада осыған ұқсас бағдарламаны тағы 18 адам таңдады. Бұл – жасанды интеллектке деген қызығушылық кәсіби бағытты саналы таңдауға негіз болғанын көрсетеді».

AI енді жеке мамандық қана емес, әр кәсіптің құралы

Университетте AI+X моделіне басымдық берілуде. Яғни жасанды интеллект әртүрлі сала мамандарын даярлау үдерісінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

Бүгінде 100-ден астам дипломдық жұмыс жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған. Олардың жартысынан көбі машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінде орындалуда.

Негізгі бағыттардың бірі – Корея университеттерімен және технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту.

Қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында Baitursynuly University мен Dong-Eui University арасында келісімге қол қойылды.

Екі университет арасында берік серіктестік орнаған. Жаңа келісім ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, машина жасау саласында жасанды интеллектіні қолдануға басымдық беруге мүмкіндік береді. Бұл бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де аса өзекті. Жоспар көп, солардың бірі: бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тағылымдамалар ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және ҚӨУ базасында автомобиль өнеркәсібіне арналған жасанды интеллект зертханасын құру бар.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университеті 2023 жылдан бері Қазақстанның машина жасау саласына кадр даярлау бағыты бойынша Оңтүстік Кореяның Dong-Eui университетімен ынтымақтастық орнатты. Академиялық ұтқырлық аясында ҚӨУ студенттері Кореяда білім алады. Университет түлектері Қостанайдағы KIA зауытында табысты еңбек етіп жүр. Студенттер дуалды оқыту жүйесі аясында да тәжірибе жинақтайды.

Тілдік кедергіні еңсеру мақсатында Baitursynuly University студенттерге корей тілін меңгеруге мүмкіндік береді. ҚӨУ жанында Король Седжон институты жұмыс істейді. Биыл институт Sejong Korean Language Assessment (SKA) халықаралық корей тілі емтиханын өткізу орталығының ресми мәртебесіне ие болды. Енді оқу ҚӨУ базасында корей тілінен халықаралық емтихан тапсыруға болады.

ЖОО-ның халықаралық ынтымақтастық аясындағы белсенді байланыстары әлемнің түрлі елдерімен бір жолға қойылған. Ондаған келісім өңір игілігіне қызмет етіп, студенттер мен оқытушыларға шетелдік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда ҚӨУ-дың бес студенті Оңтүстік Кореяда, үш студенті Чехияда, үш студенті Литвада, екі студенті Америкада, бір студенті Қытайда және бір студенті Францияда білім алып жатыр. Сонымен қатар жиырмаға жуық студент ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысып, Қазақстанның өзге қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алуда.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Біз мынадай модель қалыптастырғымыз келеді: университет → шетелдік технологиялық серіктес → өңір кәсіпорындары → студент → заманауи өндіріс. Дәл осындай модель жаңа буын инженерлерін даярлаудың негізіне айналуы тиіс».

Журналистер университет басшылығынан жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жекелеген білім беру бағдарламаларының жойылуына әкелмей ме деген сауал қойды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Менің ойымша, білім беру бағдарламаларын жабудың қажеті жоқ. Керісінше, әр мамандыққа жасанды интеллект элементтерін енгізіп, мамандардың жаңа құралдарды меңгеруіне жағдай жасауымыз керек».

Рейтинг – мақсат емес, бірақ көрсеткіштер динамиканы айқындайды

2026 жылғы «Атамекен» ҰКП рейтингіне университеттің 44 білім беру бағдарламасы қатысты. Олардың 30-ы ТОП-10 қатарына, 12-сі ТОП-5-ке, жетеуі ТОП-3-ке енді. «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», сондай-ақ «Машина жасау» білім беру бағдарламалары бірінші орынға ие болса, «Аграрлық техника және технология» бағдарламасы екінші орын алды.

Алайда журналистерді жекелеген білім беру бағдарламаларының рейтингі ғана емес, университеттің жалпы даму динамикасы да қызықтырды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Соңғы төрт жылға назар аударсақ, университеттегі студенттер саны 6,5 мыңнан 10 мыңға дейін өсті. Бұл – біз үшін сенім көрсеткіші. Студенттер қатарының өсуі университетке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Біздің сапалы маман даярлауға деген жауапкершілігіміз де артып келеді».

Сонымен қатар университет талапкерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Келесі оқу жылынан бастап шекті баллды көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде біз үшін кадр сапасы маңыздырақ. Университетке білім алуға және дамуға шын ниетті, ынталы талапкерлер келетіндей жағдай жасауымыз керек».

ҰБТ-ға жасанды интеллект көмегімен дайындалуға болады

Тағы бір жаңа жоба туралы академиялық мәселелер жөніндегі проректор Эльмира Наурызбаева айтып берді.

Университетте 5 қазаннан бастап жоғары сынып оқушыларына арналған AI-мектеп бағдарламасы іске қосылады. Оның мақсаты – мектеп оқушыларына заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, ҰБТ-ға жүйелі түрде дайындалуға көмектесу.

Оқыту екі форматта – онлайн және офлайн түрде ұйымдастырылады. Онлайн дайындық AI-құралдарын пайдалану арқылы жүргізілсе, офлайн сабақтарды Baitursynuly University оқытушылары өткізеді.

Офлайн форматта білім алатын оқушыларға онлайн платформамен жұмыс істеуге де мүмкіндік беріледі. Яғни олар педагогпен де, өздігімен де дайындала алады.

Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептердің 11-сынып оқушылары үшін ерекше жағдай қарастырылған. Оларға онлайн платформа тегін.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева:

«AI-мектеп – университет оқытушыларының тәжірибесі мен жасанды интеллектінің заманауи құралдарын біріктіруге мүмкіндік беретін жоба. Біз мектеп оқушысының ҰБТ-ға дәстүрлі форматта ғана емес, цифрлық технологиялардың көмегімен мақсатты дайындалғанын қалаймыз».

Рейтингтен – өңір экономикасының нақты сұранысына дейін

Бүгінде университет білім беру бағдарламаларын жаңартумен ғана шектелмей, өңір экономикасымен байланысты нығайтуға да басымдық беріп отыр.

Қостанай облысының негізгі бағыттарына агроөнеркәсіп кешені, машина және автомобиль жасау, энергетика, білім беру, ветеринария, экология және цифрландыру жатады. Университеттің кадр саясатын қалыптастыруда дәл осы салалар негізгі бағдарда.

Осы тұрғыдан алғанда халықаралық ынтымақтастық жай формалды келісім емес, нақты мамандар даярлаудың құралы ретінде қарастырылады. Корея университеттерімен серіктестік, машина жасауда AI технологияларын дамыту, кәсіпорындармен бірлескен жұмыс және ортақ зертханалар құру – білім беруді тікелей өндіріспен байланыстыруға бағытталған.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Біздің міндетіміз – түлектерге мамандық бойынша диплом беріп қана қоймай, жұмыс берушілермен бірлесіп, ертеңгі күннің технологиялық міндеттеріне жауап бере алатын маманды қалыптастыруымыз керек».

Нарықтан жылдам өзгеруі тиіс университет

Трансформацияның тағы бір көрсеткіші – университеттің білім беру контентінің халықаралық деңгейге шығуы. Қыркүйек айында Baitursynuly University оқытушысының авторлық курсы алғаш рет халықаралық Coursera платформасына орналастырылды.

2026 жылы университеттің бірқатар білім беру бағдарламасы халықаралық мамандандырылған IAAR аккредиттеуінен өтіп, 2031 жылға дейінгі мерзімге аккредиттелді.

Дегенмен, ректор атап өткендей, білім сапасын тек рейтингтермен немесе студенттер санымен өлшеуге болмайды.

Бұл көрсеткіштердің артында технологиялар мен еңбек нарығындағы өзгерістерге сай өз құзыреттерін үнемі жаңартып отыруы тиіс оқытушылар, зерттеушілер мен қызметкерлер тұр. Сонымен қатар университет әрі қарай даму мақсатында материалдық инфрақұрылымды жетілдіруді көздейді. Ректордың айтуынша, университетте жаңа оқу ғимараты мен жатақхана салу жоспарда бар.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Костанай өңірлік университетінің ректоры Сеитбек Қуанышбаев:

«Егер бұрын біз негізінен білім беруді басты мақсат етсек, бүгінгі таңда университеттің міндеті әлдеқайда кеңейді. Біз адамды жаңа дүние жасауға, технологиялармен жұмыс істеуге, шешім қабылдауға және үнемі өзгеріп отыратын жағдайда өз жолын таба білуге үйретуіміз керек».

Бүгінде Baitursynuly University классикалық маман даярлау моделінен біртіндеп технологиялармен, ғылыммен, халықаралық серіктестермен және экономика қажеттіліктерімен тығыз байланысқан икемді жүйеге көшіп келеді.

Қабылдау комиссиясы