object(DateTime)#1029 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2024-11-24 21:04:12.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}

Қош келдің, әз Наурыз!

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік концерті өтті. Атақты ақын, университетіміздің ақсақалы Серікбай Оспанов мерекені батамен бастап берді. Одан кейінгі құттықтау сөз оқу ордамыздың бірінші проректоры Арман Исмаиловқа берілді. Сондай-ақ оқу орнының оқытушылары мен студенттерін университетіміздің қонағы - З.Алдамжаров атындағы ҚӘУ-нің ректоры Қ.Қ.Жаманбалин Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Мерекелік шара барысында тағылымдық мәні зор қазақ халқының салт- дәстүрлері, әдет-ғұрыптары «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдері көрсетілді. 

«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деп Төле би бесіктің қадірін, көшпелі қазақ өміріндегі маңызын меңзеген. Заңғар жазушы М.Әуезов те «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,-деп бекер айтпаған. Әз Наурыз мерекесінде еліміздің қасиетті бесігін сахна төріне шығарып, жеті баланың анасы, қажы Шырынкүл апамыз «бесікке салу» рәсімін көрсетті.

Үлкен өмірдің бастауы сәбидің алғашқы қадамынан басталады деген оймен ата-бабаларымыз «тұсау кесу» рәсіміне де үлкен мән берген. Баланың тұсауын қадірлі, көпті көрген, өсіп-өнген шаңырақта өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген ардақты анаға, елге сыйлы, абыройлы азаматқа кестірген. Бұл кішкентай сәбидің жолы ақ, үлгілі азамат болып өссін деген ниеттен туған ұстанымдар. Бүгінгі мерекеде Айтөре балақайдың тұсауын Қазақстанның халық ақыны, шаттығы шалқыған шаңырақтың анасы Әсия Беркенова кесті. Бір қызығы - аузы дуалы Әсия апамыздан бата алған Айтөре балапан алдына қойылған бірнеше заттың арасынан қазақтың қара домбырасын таңдап, көрермендерді таң қалдырды. Айтөре суырып салма ақын, күй құдіретін танытар күйші болады деген үміттеміз!

«Ай-Ару» би тобы мен қазақ ұлттық спорт өнері батырлары Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік концерттің көркі болды. Сондай-ақ мерекелік дастархан жайылып, қонақтар Наурыз көже мен қымыз, қазы-қарта, құрт, ірімшік, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан ауыз тиді.

 

Қабылдау комиссиясы