Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Baitursynuly University профессорын марапаттады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері, Қостанай облысының құрметті азаматы Жақып Қалқаман Хасенұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ол университет, қала, облыс және тұтас ел көлеміндегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып келеді.
Марапаттау рәсімі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы аясында өтті.
- Халқымыз үшін ең жоғары марапат – ел ішіндегі бейбіт өмір. Шын мәнінде, қоғамда келісім болмаса, басқа істердің бәрі де бекер болады, – деді мемлекет басшысы. – Ассамблея мүшелері тұрақтылықты нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай қызмет ете бересіздер деп сенемін. Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бірлігіміз нығая берсін!
Қалқаман Хасенұлы, жоғары әрі лайықты марапатпен шын жүректен құттықтаймыз! Сізбен мақтанамыз!