А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ Ресей Федерациясындағы қазақ мәдени орталықтарының өкілдерімен онлайн кездесу өткізді, оған Түмен, Свердлов, Новосибирск, Қорған, Омбы және Саратов облыстарының орталықтары қатысты.
Кездесуде Ресейдің шекаралас аймақтары жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға тарту және кадрлар даярлау бойынша өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, шетел азаматтарына арналған стипендиялық бағдарлама және Қазақстан Республикасының азаматы емес қазақ ұлтының өкілдерін оқуға қабылдау ережелері таныстырылды.
Атап айтқанда, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де, жалпы Қазақстан бойынша қандастарға арналған білім бағдарламалары, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар бойынша білім алғысы келетіндер үшін оқу түрлері талқыланды. Конференцияға қатысушылар тарапынан грант, оны өтеу мәселелері, шәкіртақы, оқу ақысы, жатақхана және университеттің басқа да әлеуметтік жағдайлары туралы сұрақтар көп қойылды. Оларды қызықтыратын барлық ақпарат жоғарыда аталған облыстардың ұлттық орталықтарына жіберілді.