Студенттерге арналған бұл тағылымды кездесуді заң ғылымдарының магистрі, ҚӨУ қылмыстық және азаматтық құқық және процесс кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Майсатаева жүргізді.
Қазақ және орыс тілдерінде өткен бұл интерактивті басқосудың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау.
– Кездесу барысында реформаның жаңалығы мен тиімді тұстарына тоқталдық. Өзгерістердің негізгі түйіні – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған, – дейді оқытушы.
Спикер Ата Заңның мәні мен оның әрбір адамның өміріндегі маңызын қарапайым мысалдармен ұғындырып берді.
Сонымен қатар, қолданыстағы Конституция мен ұсынылып отырған жаңа жобаға салыстырмалы талдау жасалды.
Айта кетерлігі, бұл жолғы реформаның ауқымы бұрынғылардан әлдеқайда кең: мәселен, 2022 жылы 56 түзету енгізілсе, қазіргі жобада Ата Заң мәтінінің 84 %-ына жуығы өзгертілген.
– Дәрістің арқасында құқықтық сауатымыз артып, дүниетанымымыз кеңейді. Елдің ішкі құрылымы мен болашағына қатысты мәселелерге саналы түрде қарауды үйрендік, – деп университет студенті Дарья Михайлева әсерімен бөлісті.
Жиын соңында қатысушыларға азаматтық белсенділік танытудың маңызы айтылып, 2026 жылдың 15 наурызына жоспарланған Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға қатысу қажеттігі ескертілді.
Ақпаратты ҚӨУ журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының 3 курс студенті Милена Мишеладзе дайындады.







