Жуырда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алтын қалам» иегері Ақылбек Шаяхметтің «Сенім» кітабы жарыққа шықты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Алматының «Болашақ» баспасында басылған жаңа туындының таралымы – 5000 дана.
Кітап бес бөлімнен тұрады. Облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларға таратылды.
Жыр жинағының алғашқы бөлімі топонимикалық атаулардың шығу тарихына арналған өлеңдерден, Шоқан, Ыбырай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Бейімбет Майлин, Елдес Омарұлы, Елубай Өмірзақов секілді Алаш арыстары туралы жырлардан құралған. Сондай-ақ кітапта бұрын басқа баспаларда жарық көрмеген өлеңдер топтастырылған. Махаббат, жастар және қоғам мәселелері ақын назарынан тыс қалмаған.
Жан-жақты қамтылған туындылардын ішінде бар әлемнің мазасын кетірген коронавирус туралы да сөз қозғалған.
Шығармашылық жолында жүргеніне 50 жылдан астам уақыт болған ақын Ақылбек Шаяхметовтың еңбек жолы 1965 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін ақынның «Сенімнен» бөлек 45 кітабы жарық көрген.