Бүгін ветеринария ғылымдарының докторы, Ветеринарлық медицина кафедрасының профессоры Александра Тегзаны Қостанай өңірлік университетінің ұжымы мерейтойымен құттықтады.
Александра Алексеевна еңбек жолын 1988 жылы Қостанай ауылшаруашылық институтында – қазіргі Қостанай өңірлік университетінде бастады, күні бүгінге дейін ҚӨУ-де қызмет істейді. Ол бүкіл саналы өмірін білім мен ғылым жүйесіне арнады, ветеринария ғылымдарының кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.
Троицк ветеринарлық институтын бітіргеннен кейін кафедра ассистенті болып жұмыс істеді, сондай-ақ ол аға оқытушыдан бастап, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, институт директорына дейінгі мансап сатысының барлық кезеңдерінен өтті.
Александра Алексеевна 150-ден астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, монографиялардың, оқу құралдарының, авторлық куәліктердің авторы. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізетін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында екі мәрте жеңімпаз атанды, сонымен қатар DAAD неміс академиялық алмасу қызметі де бас жүлдені оқу ордамыздың профессорына берген болатын. Профессордың шәкірттері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының ветеринария қызметінде табысты еңбек етуде. Ол өзінің барлық бай тәжірибесі мен білімін студенттерді оқытуға, ветеринария ісін дамытуға және жетілдіруге жұмсап келеді. Александра Алексеевна ветеринария саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау үдерісіне орасан зор үлес қосып, барлық жаңа және прогрессивті бастамаларды насихаттаудан танбайды.
Бүгін мерейтой иесін құттықтауға облыстың ветеринарлық қызметінің өкілдері келді. Александра Алексеевнадан білім, өмірге жолдама алған шәкірттері де құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Александра Алексеевнаны мерейтойымен шын жүректен құттықтап, алғысымыз бен құрметімізді білдіреміз. Денсаулық, отбасы амандығын, жемісті ғылыми еңбек және бар жақсылықты тілейміз!