Бүгін Ұлттық валюта күні қарсаңында экономика және қаржы кафедрасының ұйымдастыруымен «Елдің тұрақты дамуының ғылыми зерттеулері: өзекті сұрақтары мен жетістіктері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференцияға Германия, Ресей сияқты шет елдердің, сондай-ақ Қазақстанның ЖОО-ы қатысты. Олар түрлі бағытты қамтыды, педагогика, ауылшаруашылығы, заң, қаржы саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Барлығы 139 баяндама тыңдалды. Баяндамашылар қаржылық тұрақсыздық пен шағын және орта бизнесті қолдау, салық мәселесі, инвестициялық саясат тақырыптарын кеңінен зерттеді.
Конференцияның қорытынды бөлімінде салтанатты шара қонақтары экономика және қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сансызбай Мұхаметғалиұлы Жиентаевты мерейтойымен құттықтады. Профессор 70 жасқа толып жатыр. Мерейтой иесіне А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің басшылығы, Қостанай қаласының мемлекеттік мекеме қызметкерлері, банк басшылары, шетелдік ғалымдар мен әріптестері жылы лебіздерін білдірді, ғалымның өскелең ұрпаққа беріп жатқан терең білімі мен тәрбиесі үшін алғыстарын да айтты.
Сансызбай Мұхаметғалиұлы – университетіміздің құрметті профессоры, Ғылыми-техникалық кеңестің төрағасы. Оқу орнында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.
Сансызбай Жиентаев – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. Ол қазақстандық экономистердің атынан Кембридж университетінде француз тілінде дәріс оқыған. Белгілі ғалым – 3 монографияның, 7 оқу құралының, 260-тан астам мақалалардың авторы.
Сансызбай Мұхаметғалиұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Деніңізге саулық, отбасыңызға береке тілейміз, 100 жасаңыз, саналы шәкірттеріңіз көп болсын!