Акцияға қатысушылар Арақарағай орманшылығында орналасқан университет стационарының аумағын және оған іргелес жерлерді тазалады.
Іс-шараға «Химия», «Биология», «География», «Арнайы педагогика», «Актерлік шеберлік», «Бейнелеу өнері» және «Хореографиялық орындау» білім беру бағдарламаларының 2 курс студенттері, барлығы 49 адам қатысты.
Жаңбырлы әрі ылғалды ауа райына қарамастан, студенттер белсенділік пен жоғары ынта танытты. Олар ерекше жігермен аумақты тазалап, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Тазалық жұмыстары аяқталғаннан кейін қатысушылар үшін командалық ойындар мен ұжымды біріктіретін қызықты сайыстар ұйымдастырылып, достық пен бірліктің атмосферасы қалыптасты.
Мазмұнды, әрі пайдалы күн табиғат аясындағы мерекелік дастарханмен аяқталды.



