Бүгін А.Байтұрсынов ҚМУ-нің Smart-орталығында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты - Қостанай облысының кәсіпорындары мен А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің үлкен деректерді интеллектуалды талдау саласындағы ынтымақтастықтың бағыттарын анықтау. Кездесуді ELBA жобасының институционалды үйлестірушісі, Қашықтықтан оқыту және кәсіптік даму институтының директоры Азамат Жикеев жүргізді, ол қатысушылардың баяндамаларынан соң кәсіпорын өкілдерімен кейінгі жұмыс барысын талқылады. «Үлкен деректерді интеллектуалды талдау. Кәсіпорындар мен университет синергиясы» - бұл Эразмус + жобасының шеңберінде өткізілген дөңгелек үстелдің тақырыбы.
Пікірсайысқа қатысушылар жұмыс берушілер өз мамандарынан талап ететін кәсіби құзіреттіліктері мен дағдыларын анықтады. Келесі қадам - оларды білім беру бағдарламаларына енгізу мақсатында пәнаралық пакет қалыптастыру. Атап айтқанда, бір модульге біріктірілетін пәндер жинағы таңдап алынады және бұл модуль біздің университеттің білім беру бағдарламаларында ұсынылады.
Жобаны іске асыру кезінде кәсіпорындардың тікелей қатысуы қажет. Олар жобаны жүзеге асыруда серіктес болып табылады және пәндер ретінде біздің елімізге қажетті бағыттарды ұсынады. Синергия дегеніміз де сол, біз кәсіпорындардың пікірімен санасамыз. Осындай екі жақты бірлескен жұмыстың арқасында түлектеріміз университетті аяқтаған кезде жұмыс берушілердің барлық талаптарына сай маман болып шығады.
Осы жобаның серіктестері ретінде үлкен деректер өңделетін аймақтың барлық ірі кәсіпорындары қамтылған. Бұл «СарыАрка АвтоПром» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «KAС Консалтинг», «IT SOFT» және басқа да IT бағыттағы кәсіпорындар.
Жобаның нәтижесі - тек модульдер мен білім беру бағдарламаларын құру ғана емес, сонымен қатар біздің университеттің базасында үлкен деректерді талдаумен және өңдеумен айналысатын компьютерлік орталық құру. Сондай-ақ компьютерлік орталық базасында серіктес кәсіпорындардың қызметкерлері және осы бағытта жұмыс істейтін университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамы үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жоспарлануда.