Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Университеттік турнир бағдарламасына волейбол, футбол, стритбол, дартс, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, шаңғы эстафетасы мен жеке шаңғы жарысы кірді. Оған 300-ден астам оқу орны оқытушылары мен әр түрлі жастағы қызметкерлері қатысты. Спортшылардың қатарында университетті енді ғана тамамдап, оқу ордасындағы қызметін жаңа бастаған жастармен бірге алпысты еңсерген ардагерлер де болды.
ҚМУ-нің әлеуметтік және шаруашылық жұмыстары бойынша проректоры Нұрлан Мәмиев үздіктерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыстап, оларды құттықтады.
Сайыстың ең жас қатысушысы – тіркеу бөлімінің қызметкері Сәуле Мекебаева. Ол үстел теннисінің жеңімпазы. Ал стратегия, аккредиттеу және рейтинг бөлімінің бастығы Федор Майер 60 жастан асқан ерлер арасында шаңғы жарысында жеңіске жетті. Ол өзінің спортпен бала күнінен айналысатынын және елімізде, сонымен қатар университетте салауатты өмір салтын ұстанушылар көп екені көңіл қуантатынын айтты.
Аграрлық-техникалық институтының оқытушысы Ирина Брел-Киселева жарыста үш номинация – тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы бойынша жеңімпаз атанды.