Форсайт-орталық – ҒЫЛЫМИ серпілістің бастауы

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті базасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Өңірлік форсайт-орталығы ашылды.

Бұл бастама өңірдің ғылыми-технологиялық экожүйесін дамытудағы және ғылым, білім, бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.

Орталықтың ашылуы форсайт-сессиямен қатар өтті. Онда қатысушылар Қостанай облысының ғылыми-технологиялық басымдықтары мен қолданбалы ғылымды дамыту перспективаларын талқылады.

Орталық ғалымдарды, кәсіпорын өкілдерін, бизнес пен мемлекеттік органдарды біріктіріп, экономиканың өзекті мәселелерін шешуге және өндіріске инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко, Қостанай облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қоңқабаев және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев сөз алып, өңір тұрғындарын игі бастаманың артықшылықтарымен таныстырды.

Пленарлық бөлімде Елена Шевченко еліміздің ғылыми-технологиялық дамуын басқарудың жаңа моделіне, ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру тетіктеріне, ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру қағидаттарына және өңірлік форсайт-орталықтардың міндеттеріне тоқталды.
Ол бүгінгі ғылым экономиканың нақты технологиялық мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті:

- Форсайт-орталықтың мақсаты – өңір мен облыс кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сонымен қатар, тек индустриялық дамуды ғана емес, әлеуметтік мәселелерді де ескеру қажет, экология, халық денсаулығы сияқты тұстар назардан тыс қалмауы тиіс.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын ғылым мен технологияның басым бағыттарына арналған форсайт-сессия тудырды.

Кәсіпорындар мен ғылыми қауымдастық өкілдері тау-кен өндірісінің тиімділігін арттыру, карьерлерді қауіпсіз пайдалану, көміртекті егіншілікті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен үшін инновациялық өнімдер жасау және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жобаларын ұсынды.

Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары да өз зерттеулерімен таныстырды.

Негізгі назар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру платформасы ретінде өңірлік академиялық, зерттеу және технологиялық озықтық орталығын құру жобасына, сондай-ақ тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулерге аударылды.

Бастамалар университеттің жоғары ғылыми әлеуетін және өңір дамуына белсенді қатысатынын көрсетті.

ҚӨУ ректоры Сейітбек Қуанышбаев ғылым, бизнес және билік арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:

- Бүгін университеттердің алдында әлдеқайда ауқымды міндет тұр. Біз тек ғылыми жобаларды орындаушы ғана емес, өңірдің ғылыми-технологиялық саясатын қалыптастыратын белсенді қатысушы болуымыз керек. Бұл процесстің бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті базасында Өңірлік форсайт-орталығының ашылуы өңірдің ғылыми қауымдастығы үшін маңызды.

Жаңа орталық ғылым, өндіріс пен аграрлық сектор және экономиканың өзге де салалары үшін тиімді алаңға айналып, ал университет Қазақстандағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі орнын одан әрі нығайта түседі деген сенімдеміз.

Қабылдау комиссиясы