– Елімізде тарихи маңызы бар оқиғалар орын алуда. Ата Заңымыздың жаңа редакциясының жобасы ұсынылды. Бұл – мемлекетіміздің басты заңы, берік іргетасы. Ұсынылып отырған түзетулер 77 бапты қамтиды, бұл жалпы көлемнің 84 пайызына тең. Тәуелсіз еліміз үнемі даму үстінде, сондықтан уақыт көшінен қалмау – басты міндет. Бұл соңғы 30 жылдағы тұңғыш жаңа Конституция болмақ және ол азаматтардың өміріне айтарлықтай оң өзгерістер әкеледі, – деп атап өтті Сейтбек Бекенұлы.
Маңызды өзгерістердің қатарында: Парламенттің бірпалаталы жаңа моделіне көшу, мемлекет ісін басқаруға азаматтардың қатысу аясын кеңейту, Қазақстан халқы Ассамблеясын «Қазақстанның Халық Кеңесі» деп қайта құру, Вице-президент лауазымын енгізу және интеллектуалдық меншікті қорғауды күшейту шаралары бар.
– Жаңа Конституция жобасы ұлан-ғайыр даламыздың кеңдігі мен рухын бейнелейді. Енді баптар саны 99-дан 95-ке өзгерді. Конституцияны әзірлеу барысында комиссия ең алдымен адам факторына басымдық берді: адамның құндылықтары мен құқықтары басты назарда қала береді. Сондай-ақ, азаматтардың мүддесін қорғау жолында адвокаттардың рөлі артты, бұл – өте маңызды қадам, – дейді ҚӨУ Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының аға оқытушысы Индира Талтанова.
ҚӨУ Филология және практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі Алмасбек Әбсадық «Құрылтай» сөзінің мағынасына (жаңа Парламенттің атауы) тоқталды.
– Түркі тілдерінде «құру» (сөздің түбірі) «жиналу, қалыптастыру» деген мағынаны білдіреді, мәселен, киіз үй құру сияқты. Оның бәрінің басын «уық» біріктіреді. Сол сияқты, біз де маңызды мәселелерді бірлесе шешу үшін Құрылтайға жиналамыз. Жаңа Құрылтай ел игілігіне жұмыс істеп, халыққа тек пайдасын тигізсін.









