Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Еліміздегі татулық пен рухани тұтастықты дәріптеу мақсатында Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының «Педагогика және психология», «Арнайы білім беру», «Дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы» кафедраларының студенттеріне «Рухани келісім күні – тұрақтылықтың іргетасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Бақберсін Ізбасаров қатысты. Имам студенттерге жастардың, өскелең ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететін тәрбиелік мәні бар әңгіме-сұхбат жүргізді. Студенттер де көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
Рухани келісім күні қарсаңында тағы бір шара өтті. П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының «Құқықтану» ББ-ның 4-курс студенттері ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Қылмыстық-атқару жүйесі экстремистік идеологияға қарсы күрес жөніндегі мамандарды даярлау орталығының бастығы, полиция подполковнигі Мырзабек Тойғановпен кездесті. Қонақ «Деструктивті діни ағымдардың мәні» тақырыбында баяндама жасады. Студенттермен әңгіме аясында деструктивті діни ағымдар зерттелді, олардың отбасындағы, ұжымдағы және адам қоғамының барлық нысандарындағы қоғамдық қатынастар жүйесіне деструктивті әсері талқыланды. Мырзабек Сардарбекұлы деструктивті діни ағымдардың ерекшеліктерін, олардың дәстүрлі діндерден айырмашылығын, сондай-ақ өзара әрекеттесудегі конфронтациялық тәсілдері туралы айтты.