Бүгін – Рухани келісім күні. Осыған орай А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті мен Этникааралық және конфессияаралық келісім мәселелерін зерттеу орталығы «Ел бірлігі – Рухани келісімде» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға студенттер, студенттік парламент мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Студент жастардың алдында сөз сөйлеген спикерлер:
Шоқан Әмірханов – Жайлаубай ата Мешітінің имамы, Ринат Насыров – «Қостанайдағы Сібір казактарының қауымы» этно-мәдени қоғамы басшысының орынбасары, Марғұлан Бәкір - «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының директоры,Нұржан Ермағамбетов – «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» ҚБ төрағасы, Мәнсия Айтмағамбетова – Діни мәселелер жөніндегі облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.
Дөңгелек үстел барысында еліміздегі татулық пен рухани тұтастық туралы айтылды. Аумалы-төкпелі заманда қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр еткен, азаттықтың ақ таңын атырған халық ретінде тәуелсіздік, бірлік, татулық ұғымдары ұлтымыз үшін қастерлі. «Көп ұлтты мемлекет ретінде іргеміз сөгілмей, бірлігімізді сақтап қалуға тырысу керек»,-дейді спикерлер. Қазақстан – барлық діндердің тоғысқан жері. Егемендік алғаннан бері Рухани келісім күнін ерекше атап өтудегі мақсат – еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды.