6 ақпаннан бастап П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының заң кафедралары Қостанай қаласындағы мектептердің 9-11 сынып оқушыларының құқықтық білімін, қоғамдық және жеке тұлға ретіндегі құқықтық санасын, құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру мақсатында «Жалпыға бірдей құқықтық білім» атты білім беру жобасын қолға алды.
Жоба аясында теориялық және практикалық тәжірибесі мол заң пәндерінің оқытушылары мен «Құқықтану» және «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламаларының 3 курс студенттері мектеп оқушыларының құқықтық сауаттылық деңгейін көтеруге, теориялық және практикалық құқықтық білімдерін тереңдетуге жәрдемдеседі.
Сабақ барысында оқушылар Қазақстан Республикасының азаматтық, конституциялық, қылмыстық, әкімшілік және басқа құқық салаларының негіздерін оқып, тәжірибелік жаттығулар арқылы білімдерін бекітеді. Тәжірибелік сабақтар іскерлік ойындар, практикалық жағдаяттарды талдау, шеберлік сабақтары түрінде өтеді. Сонымен қатар жоба аясында университеттің оқу үрдісімен, тарихымен танысады.
«Жалпыға бірдей құқықтық білім» жобасының алғашқы сабағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта өтті. Онда Азаматтық құқық және іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы Құралай Ахмединова мен «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттері азаматтық құқықтың өзекті аспектілері бойынша қызықты баяндама жасады.