А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ оқытушылары мен студенттері елордалық жастардың әлеуметтік желілердегі #BizBirgemiz қар тазалау бойынша челленджін қолдады.
Толассыз жауған қалың қармен коммуналдық қызмет мамандарының тәулік бойы тыным таппай арпалысып, үлгірмей жатқанын көрген еріктілерде челлендж идеясы пайда болды. Бастамаға белгілі әртіс Тұрсынбек Қабатов қосылды.
Университет ұжымы да қолдарына күрек алып, жолдарды аршыды, ардагерлер мен зейнеткерлердің аулаларында жиналған қарды тазалады. Қар тазалау бойынша осындай акцияларды университет еріктілері тұрақты түрде өткізіп тұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш бастаманы қолдады: «Аулаларды қардан тазалау және #BizBirgemiz хештегі бар бейнені орналастыру бойынша ұсынысты қолдаймын. Еріктілер жылындағы орынды бастама!»- деп атап өтті Президент. Еріктілер жылын Мемлекет басшысы Қостанай қаласында Жастар сарайын ашу кезінде форумда жариялағанының айрықша мәні бар.
#BizBirgemiz қар тазалау бойынша челленджін еліміздің барлық жоғары оқу орындарына, студенттер мен еріктілерге жолдаймыз!