Бүгін Baitursynuly University ректоры Сейтбек Қуанышбаев облыс және қала әкімдерімен бірге Абай даңғылы бойында орналасқан университет корпусы маңындағы аумақты аралады. Мұнда биыл жазда заманауи үлкен саябақ салынады.
@kstnews.kz хабарлауынша қала тұрғындары үшін жаңа демалыс орнын салу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта аумақта бұзу жұмыстары жүргізілуде. Ал Қала күніне орай амфитеатр, 1 шақырымдық жүгіру және веложолақ, жаттығу алаңдары мен скейт-парк сияқты түрлі нысандармен жабдықталған алаң пайда болады деп күтілуде.
- Саябақтың жалпы аумағы 4,25 гектарды құрайды. Тротуарлар, демалыс аймақтары, орындықтар орнатылады. Көгалдандыру көлемі - 22,5 мың шаршы метр (626 ағаш, 950 бұта). Сондай-ақ, бөлек әжетхана модулін салу қарастырылған, - деді қала әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Арсаин Байдаулетов.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бұл ауданның көркеюі - ауқымды өзгерістердің бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Baitursynuly University жасалған келісім аясында дәл осы аумақта АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының бірі - University of Minnesota Morris кампусының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл университетпен ҚӨУ арасында қос дипломдық бағдарлама бойынша серіктестік орнатылған.
- Бұл - тек көркейту емес, сонымен қатар балаларымыздың болашағына салынған инвестиция. Енді Қостанай жастары үшін әлемдік білім қолжетімді болмақ, - деді аймақ басшысы. - Саябақ пен болашақ кампус жобасы - бұл өмір сүруге, оқуға және дамуға ынталандыратын заманауи, жайлы қала құруға бағытталған қадам.