1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күннің мектептер мен жоғары оқу орындары үшін маңызы зор. Биыл университетіміздің табалдырығын 2 000-нан астам студент аттады. Олардың қатарында мемлекеттік грант, «Қазақстан халқына» қорының, облыс әкімі грантының иегерлері, сондай-ақ ақылы негізде оқитын студенттер бар.
Бүгін Қостанай өңірлік университеті білім күніне орай мерекелік шара өткізді. Онда оқу орнының ректоры Сейтбек Қуанышбаев студенттер мен оқытушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, «жаңа толқынға» бағыт-бағдар берді:
«Университет табалдырығын енді ғана аттаған бірінші курс студенттері, қадамдарыңыз құтты болсын! Талапты студент, ізгілікті шәкірт, болашақта білікті маман атануларыңызға тілектеспін. Ол үшін сіздерге барлық жағдай жасалған.
Биыл 150-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан, сондай-ақ есімі универси тетімізге берілген Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді»,-деп оқу-білімнің қажеттілігі туралы айтқан болатын. Болашақ білімді жастардың қолында. Олай болса, тек қана алға, қанаттарыңыз талмасын!»
Педагогикалық еңбек ардагерлері, Дене шынықтыру және спорт теориясы мен тәжірибесі кафедрасының профессоры Галия Бикташева мен Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының профессоры Ақылбек Шаяхмет студенттерге ізгі тілектерін білдірді.
Алдағы жаңа оқу жылы қызықты да қуанышты сәттіліктерге, жаңа жеңістер мен жетістіктерге толы болып, барлық жобалар мен жоспарларыңыз орындала берсін!