Мемлекеттік тапсырыс құнын өсірудің арқасында жоғары оқу орындарының оқытушыларының жалақысын үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап 25 пайызға көтеруге мүмкіндік туды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов ОКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды bilimdinews.kz.
Вице-министр мемлекеттік тапсырысты орналастыруды қоғамдық комиссия өкілдері, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүшелері кіретін республикалық комиссия жүзеге асыратынын еске салды. 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік сатып алу аясында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік тапсырыс құны ұлғайтылды. Мемлекеттік университеттерде ол 342 мыңнан 955 мың теңгеге, ұлттық ЖОО-да - 635 мыңнан 1 082 600 теңгеге дейін өсті. Докторантурада мемлекеттік тапсырыс құны 1 307 000 теңгеден 1 900 000 теңгеге дейін өсті.
- Білім гранты құнының өсуіне байланысты Білім министрі Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігіне бағынысты жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысын көтеру міндетін қойды. Сонымен, 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы орташа жалақы 160 мыңнан 210 мың теңгеге дейін, ұлттық университеттерде 283 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл шара жоғары білімнің сапасына әсер етеді және жүйеге жаңа кадрларды тартуға түрткі болады деп ойлаймыз, - деді Мирас Дауленов.
Биыл алғаш рет 36 жоғары оқу орнына мемлекеттік тапсырыс беруге тыйым салынды. Оның негізгі себептері – университеттер ұсынған мәліметтердің нақты еместігі, білім сапасының нашарлығы және түлектерді жұмыспен қамту деңгейінің төмендігі.