Тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты – Алма Досова «Қазақ ұлттық тіл білімінің қалыптасуы және дамуы» атты ғылыми семинар өткізді. Семинар онлайн форматта өтті. Түрлі тақырыптар қозғалған іс-шараға тіл және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушылары мен қазақ филологиясы мамандығының магистранттары, студенттері қатысты.
Семинардың басында ұлы ойшыл Әл-Фарабидың тіл философиясы туралы сөз болды. Бұл тақырыпты қазақ филологиясы факультетінің 2 курс студенті Перизат Нысамбаева ашып, тыңдаушыларына жеткізе білді. Ал қазақ филологиясының 2 курс магистранты Ақерке Әлімбаева Ахмет Байтұрсыновтың тіл біліміне қосқан теңдессіз үлесі жайында айтты. «Араб жазуын қазақ тіліне ықшамдап, өзгерту жолында еңбек еткен ағартушы, ұлы ұстаз Ахмет атамыз туралы бізге өте жақсы мәлімет берді»,-дейді магистрант апайының еңбегіне баға берген 1 курс студенті Сандуғаш Түленбек.
Сонымен қатар 1 курс магистранты Гүлдан Оразбаева қазақ әліпби жүйесі тарихи кезеңдерден өтіп, ұлттық әліпби деңгейіне жетуінің 6-қағидасы сияқты қазақ жазуының тарихындағы қызықты деректермен бөлісті.
1 курс магистранты Данияр Ихсан «Ғылыми мәтін құрылымы: мәтіннің композициясы мен сегментанциясы» тақырыбында баяндама оқып, 1-курс студенттерінің оқу бағдарламасына мақала жазуды үйрету сабағын енгізу туралы ұсынысын айтты.
Семинарға 1 курс студенттері де қатысты. Олар баяндама оқып, тақырыптарына байланысты бейне-роликтерін ұсынды. Сонымен қатар аталмыш іс-шараға көрермен ретінде мектеп оқушылары да қатысты.