Бүгін, 5 қыркүйек күні университетімізге есімі берілген қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясының мүшесі, тіл жанашыры, түркітанушы, ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы 150 жасқа толды.
Дәстүр бойынша бұл күні 1-курс студенттері Ахмет Байтұрсынұлының мұражайына экскурсия жасады, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақмарал Ералина мұражайдағы жәдігерлермен таныстырып, Ұлт ұстазының өмірі мен қызметі жайында айтып берді, сондай-ақ университетіміздің ғалымдары қатысқан ғылыми экспедициялар туралы баяндады.
Университет жанындағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражайы 1998 жылы ашылған болатын. Мұндағы экспонаттардың арасында Ахаңның туған жері – Жыланшық пен Ақкөл өзендерінің сағасындағы Сарытүбек жерінің фотосуреттері, әкесі Байтұрсынның бейітінің бір уыс топырағы, үйінің іргетасының кірпіші, Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдардың күнделіктері мен экспедицияларының нәтижелері туралы көптеген басылымдар, сонымен қатар кейінірек жарық көрген «Бесік» кітабы бар. Мұражайда қайталанбас дүниелер де сақталған, мысалы: А.Байтұрсынұлының көзі тірісінде басылып шыққан «Маса» жыр жинағының түпнұсқасы, күміспен әшекейленген таяғы, мерейтой иесі редакторы болған «Қазақ» газетінің алғашқы саны.
Мұндай экскурсиялар апта бойы барлық мамандықтардың бірінші курс студенттері үшін өткізіледі.