Биыл Ұлт ұстазы, ағартушы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Алаш ардақтысы, реформатор ғалымның елді ағарту жұмыстарындағы рөлі, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы зор еңбегі дәріптеледі. Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқан Ахмет Байтұрсынұлының есімі тарих беттерінде мәңгі сақталып қалмақ. Ұлт ұстазын жас ұрпаққа жан-жақты таныту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанаты өтті. Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, облысымыздың басшылары Алаш ардақтысының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Іс-шара «Ұлт ұстазы» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасты. Салтанатты жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы, ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет, А.Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, ф.ғ.к. Ербол Тілешов қатысты. Алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында мерейтой аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Аймақ басшысы жақында Ахаңның туған жерінде болып, елдің жай-күйімен танысты. «Ұлт ұстазының Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін» жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады және экспозициясы толығымен қайта жаңартылады. Оған қоса, А.Байтұрсынұлы туған үйді қалпына келтіруге облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру жоспарланып отыр, - деді Архимед Бегежанұлы.
Дөңгелек үстел соңында белгілі ғалым, ақын Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап «Алты Алаштың ардақтысы», «Ахметтің ақын аға-інілері» деген екі тараудан тұрады. Мұнда автордың соңғы жылдары жазылған қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы, қызметі, «Қазақ» газеті, достары, ағайын-туыстары жайындағы мақалалары топтастырылған. Сондай-ақ шетел ғалымдарының Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтқан ой-пікірлері жазылған.
Сонымен қатар мәртебелі қонақтарға «Ахмет Байтұрсынов» құрмет медалі табыс етілді. Бұл қатарда университетіміздің профессорлары Серікбай Оспанов пен Алмасбек Әбсадық та бар.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, ф.ғ.к. Ербол Тілешов Қостанай өңірлік университетінің студенттері мен магистранттары, оқытушылары үшін «А.Байтұрсынұлы және қазақ руханиятының жаңа дәуірі» атты баяндама оқыды.