Skip to content

Журналист болам десеңіз...

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті жиырма бес жыл бойы журналист мамандарды даярлап келеді. Түлектеріміз тек өңіріміздің ғана емес, сондай-ақ республикалық телеарналарда, баспа құралдарында, баспасөз қызметтерінде еңбек етуде. Талай талапты түлектерді ұясынан ұшырған журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы студенттеріне заман талабына сай білім береді. Сондықтан да болар біздің түлектер маман ретінде сұранысқа ие. Айта кету керек, ЖОО-ны журналистерді үш деңгейлі білім беру жүйесі бойынша дайындайды.

Білікті маман, шебер журналист болам деген өңіріміздің жастары ҚӨУ-ін таңдайды. Бұл орайда Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасы ұжымының да еңбегі зор. Олар облысымыздың дарынды жастарын мамандыққа тарту үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Солардың бірі – кафедраның 2012 жылғы түлегі Ақбаян Сағыналиеваның Амангелді ауданының мектеп түлектеріне арналған «Журналистика негіздері» курсы. Курс барысында мектеп оқушылары журналистиканың қыр-сырымен танысып, алғашқы журналистік материалдарын жасап шығарды. Жақында курсты сәтті тәмамдаған оқушыларға университет тарапынан арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал Ақбаян Сағыналиева университет ректорының алғыс хатымен марапатталды.

Құрметті талапкерлер, естеріңізге сала кетейік, бүгіннен бастап университетіміздің қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. «Журналистика» мамандығына түсу үшін және шығармашылық емтихандарды тапсыруға өтініштер 2021 жылдың 21 маусымы мен 7 шілде аралығында қабылданады. Ал шілде айының 8-і мен 13-і аралығында шығармашылық емтихан өтеді.

Қосымша ақпаратты 8-7142-51-11-93 (кафедра) немесе 8-775-822-54-04 (Айсұлу Рашитқызы) телефондары арқылы біле аласыздар.