Skip to content

Тың игеру аймақтарына экспедиция

2021 жылдың 15 мен 17 маусымы аралығында А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің студенттері мен оқытушылары Қорған Журналистер одағының жетекшілігімен жүзеге асырылатын «Тың игеру Ресей мен Қазақстанның тарихи жадында» жобасы аясындағы экспедицияға қатысты. Жобаның мақсаты – 2022 жылдың қаңтарына дейін 1500 тың игерушілердің есімдері енгізілген энциклопедиялық кітап шығару. Бүгінде 300-ге жуық адамның есімі тізімге енді.

Экспедицияға университет тарапынан 7 адам аттанды, олардың 6-ы студенттер, төртеуі болашақ журналисттер болса, екеуі болашақ тарихшылар. Топтың құрамында журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының оқытушысы Балажан Мұстафина болды.

Ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен «Qostanai Media» өкілдері Александра Сергазинова мен Нұржан Смайлов. Қорған жағынан журналист Фиала Баскакова қатысты.

Үш күн ішінде жоба қатысушылары Қостанай облысының Меңдіқара, Ұзынкөл және Сарыкөл аудандарында болды. Жылдам, әрі егжей-тегжейлі жұмыс жасау үшін 3 топқа бөлініп, аудандардағы әр түрлі ауылдарға бару туралы шешім қабылданды. Бірінші күні топтар Меңдіқара ауданының Красная Пресня, Степановка, Боровское елді-мекендеріне барды. Екінші күні - Ұзынкөл, Новопокровка, Пресногорьковка (Ұзынкөл ауданы), Тимирязевка, Маяк, Златоуст (Сарыкөл ауданы). Үшінші күні - Сарыкөл, Тагиль, Соналы (Сарыкөл ауданы).

Барлық елді мекендерде экспедиция мүшелерін жылы қабылдап, қонақжайлылықпен қарсы алды. Жергілікті әкімшілік пен аудандық газет редакторлары жобаға барынша көмектесуге тырысты. Ал студенттер тың игерушілермен сұхбаттасып, қызықты деректерге қанықты.

Тың игерушілердің есімдері мен оқиғаларын жинақтау үшін жасақталған экспедиция өз жұмысын жалғастырады. Ағымдағы жылдың тамыз айында ҚӨУ-нің студенттері Қорған облысына аттанады.