Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында “Наурызнама” онкүндігі аясында «Наурызым - мерекем, Наурызым- берекем» атты бата сайысы өтті. Дана халқымыздың «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», - деп айтқан мақалы мағыналы әрі орынды қолданған. Жердің құнарланып, көркеюіне жаңбырдың қаншалықты пайдасы тиетін болса, алып тұлғалы ердің де өсіп-өніп, көркеюіне батаның да соншалықты пайдасы тиетіні бәрімізге белгілі. Сайыстың мақсаты жастарды аталы сөзден ғибрат алуға, қазақ елін, оның салт-дәстүрін, тілін және ділін құрметтеуге тәрбиелеу.
Қазақта ескірмеген салттың бірі - бата беру. Бабаларымыз ұрпағын бала кезінен үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені, батаның адам өміріндегі әсері зор. Сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ - бата беруге, бата алуға аса мән берген.
Сайысқа бата берудің шеберімін деген 15 студент қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды: І кезең «Ақ бата – асыл мұра» бата беру кезеңі. Студенттер кезекпен ортаға шығып сайысқа дайындап келген баталарын берді. II кезең «Сұрақ-жауап кезеңі». Бұл кезеңде сайыскерлер қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар салиқалы сөз саптап, үлкендерден көргенін үлгі етті. Сүйінші хабарға, жолға шыққанда, ас қайырғанда айтылатын баталарды студенттер жатқа айтты.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының студенті Өтеш Әлішер, ІІ орынды «Химия-биология» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Сатершинов Бекзат, І орынды «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Жақсыбек Бақсұлтан еншіледі. Жүлдегерлердің барлығы арнайы І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Өмірзақ Сұлтанғазин шаңырағында өткен бұл сайыстан оқытушылар мен студенттер ерекше көрініске куә болды. Рухани азық беретін осындай іс-шаралар студенттер үшін құндылығы мол. Әсіресе жастардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ.