22 маусым күні әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары аясында А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ әскери кафедрасының студенттері мен оқытушылары «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 10 жыл толуына байланысты Қостанай қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдерімен бірлесіп, салтанатты іс-шара өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен, елдің Қорғаныс министрлігінің қолдауымен құрылған болатын. Қазір республикада 14 облыстық және 3 қалалық филиал жұмыс істейді, олардың құрамында бес мыңнан астам адам бар.
Қауымдастықтың басты мақсаты – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және республиканың Қарулы Күштеріндегі әскери қызметті насихаттау. Ардагерлер Қарулы Күштердің барлық әлеуметтік маңызы бар іс-шараларына қатысады, әскерге шақырылу алдындағы, әскер қатарына шақырылған және студент жастармен кездесулер өткізеді. Өткен жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті «Қарулы Күштердің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі және қорғаныс істері жөніндегі департаментпен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойды. Университет қабырғасында студенттер мен соғыс ардагерлерінің кездесулері үнемі өтіп тұрады.
Қарулы Күштер ардагерлері қауымдастығының 10 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің басшылығы және әскерге дейінгі жастар, әскери кафедра курсанттары шақырылды. Аталмыш іс-шара барысында Қарулы күштер ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
«ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Әскери-патриоттық жұмысқа қосқан үлесі үшін» мерейтойлық медалі әскери кафедраның цикл бастығы, запастағы полковник Андрей Зимоглядовқа берілді. Ал әскери кафедраның аға оқытушысы, запастағы полковник Бақытжан Досмағанбетовке ҚР Қорғаныс министрлігінің 1-орынбасарының дипломы мен «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің мерейтойлық медалі табысталды.