Бүгін 7 қыркүйек күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Амангелді Имановтың туғанына 150 жылдығына арналған «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: айтылмай келген ақиқат» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциясы өтті.
Жиынға оқу ордасының ректоры Сейтбек Қуанышбаев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, оқытушы-профессорлар, студенттер, ғалымдар, Астанадан арнайы келген қонақтар және Амангелді атамыздың ұрпағы Дүйсен Сұлтанов қатысты.
Конференция барысында әр қонаққа сөз беріліп, ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшыларына, соның ішінде А.Имановтың тарихи тұлғасына қатысты пайымдарын ортаға салды. Сонымен қатар университеттің оқытушы-профессорлары өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Амангелді Иманов – XIX-XX ғасырлар тоғысында ұлттық сананың дамуында маңызды рөл атқарған тарихи тұлға. 1916 жылғы Орта Азиядағы империялық билікке қарсы көтеріліс жетекшілерінің бірі, Торғай мен Торғай облысында Кеңес өкіметінің орнауына қатысушы, Әліби Жангелдиннің серігі, Азамат соғысына қатысушы.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу - елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу халық тағдырындағы аса маңызды өзгеріс болып танылатын: аумақтар үшін күрес, сыртқы жауға қарсы тұру, мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, маңызды саяси және мәдени жетістіктермен байланысты. Осындай тұлғалар қатарында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Иманов бар.
Амангелді Имановтың өмір жолы Қостанай облысының тарихымен тығыз байланысты. 1910 жылы Амангелдінің руы өмір сүрген Терісбұтақ ауылында оның бастамасымен мектеп салынды. Амангелді Иманов көтеріліске дейін қазақ даласында халықтың азаттығы үшін күрескер, отарлық тәртіпке қарсы адам ретінде танылған.
Биыл Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл. Оның тұлғасы тарихымыздың кеңестік кезеңінде ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы ретінде ел аузында қалды. Осы уақытқа дейін Қазақстан қалаларындағы көптеген көшелерге оның есімі берілді. Қостанай облысында қоғам және саяси қайраткерге арналған арнайы мұражай бар. Сонымен қатар Амангелді атамыз жөнінде кинолар түсірілді. Ер есімі әрдайым ел есінде қалады.
Шара соңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді араласып, ұлт тарихының ақтандақ беттеріне қатысты материалдарды іздеп, тауып, оны дайындап, алғашқы жинақты жарыққа шығаруға еңбек сіңіргені үшін ҚӨУ-нің бірнеше ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатымен марапатталды.