Бүгін Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Білім беру жүйесінің заманауи сын-қатерлері жағдайында Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беруі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Пандемия жағдайында Алтынсарин оқуларын ұйымдастырушылар конференцияның әдеттегі форматын өзгертті және оны онлайн режимде өткізді.
Іс-шара аясында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғылым, интернационализация және цифрландыру жөніндегі проректоры Нұрлан Медетов құттықтау сөз сөйледі. Ол Ыбырай Алтынсарин идеяларының қазіргі заманғы сын-қатерлер мен Қазақстан Республикасында өмір бойы білім беруді дамыту стратегияларына сәйкестігін баса айтты.
Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жетекші ғалымдары баяндама жасады: Исатай Сағындықов - Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті; Елена Бережнова - МГИМО профессоры, Г.И.Скударев Мемлекеттік гуманитарлық-технологиялық университетінің педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі (Мәскеу); Зальфира Замалетдинова – доцент, Ресей Федерациясының жалпы білім беру ісінің құрметті қызметкері (Қазан); «Өрлеу» БАҰО АҚ Қостанай филиалының директоры Марионелла Слесарь. Олар кең ауқымды мәселелерді көтерді: Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасының Қазақстан Республикасындағы қазіргі заманғы білім берудің құндылық бағдары мен басымдықтарын қалыптастырудағы шешуші рөлі, мұғалімдердің кәсіби дайындығында дәстүр мен жаңашылдық үйлесімі, Жоғары сынып оқушыларының кәсіпке дейінгі педагогикалық құзыреттілігі және оны қалыптастыру технологиясы, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың ғылыми-әдістемелік аспектілері.
Конференция барысында 4 секция жұмысы ұйымдастырылды. Секцияларда 318 материал ұсынылды, онда әртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырудың тәжірибесі мен тиімді практикасы ұсынылды, білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру қажеттілігі сөз болды және студенттердің жеке басын дамытуды психологиялық-педагогикалық қолдаудың инновациялық технологиялары мен форматтары қарастырылды.
Конференцияға қатысушылар қазіргі заманғы білім беру жүйесінде қайта құрулар болып жатқанын, оны халықаралық педагогикалық қоғамдастықтың диалогтық алаңдарында талқылау қажет екенін және Алтынсарин оқулары бірнеше жылдан бері осындай мүмкіндік беріп келе жатқанын атап өтті.