Биыл докторантураға түсу емтихандары электрондық форматта өтеді. Бұл туралы "Antikor.Live" жобасы шеңберінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.
Министрдің айтуынша, өткен жылы магистратураға түсу кезінде тестілеудің электрондық форматы апробациядан сәтті өткен: «Өткен жылы магистратураға алғаш рет пилоттық режимде электрондық форматта қабылдадық. Биыл да бұл рәсім электрондық форматта өтеді. Біз бұл механизм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою тұрғысынан өте дұрыс және тиімді екенін байқадық. Енді магистратураға қабылдау тұрақты негізде электрондық форматта жүзеге асырылады».
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов студенттерге шәкіртақы төлеудің жаңа жүйесін әзірлеу туралы айтып берді. Ендігі кезекте студенттер, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары олардың карта шоттарына тікелей түсетін болады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін шәкіртақыны студенттердің үлгеріміне қарап, жоғары оқу орындарының өздері аударған болатын. Пилоттық жоба іске асырыла бастады.