Skip to content

2021 жылдың талапкерлерінің ата-аналарына арналған жиналыс

2020-2021 оқу жылы аяқталуға жақын. 4 ай шамасында ондаған мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды, содан кейін олардың алдында өмірлеріндегі ең қиын таңдау – болашақ мамандығын таңдау сәті күтіп тұр. Мансап траекториясының даму перспективалары мен еңбек нарығындағы сұраныс осы таңдауға байланысты.

ЖОО-ға түсу кезінде талапкерлер мен олардың ата-аналарында көптеген сұрақтар туындайды. Олардың дұрыс таңдау жасауына көмектесу үшін Чужинов атындағы экономика және құқық институты бірінші рет онлайн форматта 2021 жылдың талапкерлерінің ата-аналарына арналған «Үлкен ата-аналар жиналысын» өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – Қостанай қаласындағы жоғары сынып оқушыларының ата-аналарын институттың білім беру бағдарламаларымен, оқу, ғылыми және білім беру қызметінің ерекшеліктерімен таныстыру, студенттік өмірдің қызықтары туралы мәлімет беру.

Кездесуге директорат, институттың кафедра меңгерушілері қатысты. Сонымен қатар кәсіптік бағдар беру шарасына университеттің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асхат Жұмабаев, әскери кафедра бастығы полковник Олег Оборин және медициналық орталықтың бастығы Наталья Осипчук шақырылды. Кездесудің модераторлары – институт директорының Мансап және жұмыспен қамту жөніндегі орынбасары Елена Васильчук пен директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Орал Такиров. Олар кездесуді қазақ және орыс тілдерінде жүргізді.

Институт директоры Әлібек Табылденов оқушылардың ата-аналарына институттың білім беру бағдарламалары туралы айтып берді. Ол өз презентациясында оқу процесін ұйымдастырудың, ғылыми және білім беру қызметін жүзеге асырудың ерекшеліктері мен институтта білім алудың артықшылықтарын атап өтті. Оқушылардың ата-аналары мамандандырылған сыныптарда өткізілетін тәжірибеге бағытталған сабақтар туралы маңызды ақпарат алды. Директор сонымен қатар академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім мүмкіндіктері жайында баяндады.

Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Орал Такиров студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі, студенттік клубтар туралы айтты. Ата-аналарға гранттар мен оқу орнындағы жеңілдіктер жүйесі таныстырылды.

Институт осындай кездесулерді дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.

Институт басшылығы Қостанай облысы әкімдігінің білім бөлімінің басшылығына, мектеп директорларына осы іс-шараны өткізуге көмектескендері үшін ризашылығын білдіреді.