Кеше бейнеконференция байланысы режимінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың қатысуымен ҚР БҒМ кеңейтілген алқа отырысы өтті. ҚР Білім және ғылым Вице-министрі Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев жоғары білім беруді реформалаудың негізгі бағыттарын атап өтті.
2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша ЖОО студенттерінің шәкіртақысы 20% – ға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15% - ға артады. Осылайша, педагогикалық дайындық бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша 37 мың теңгеге жуық қаражат алатын болады. Магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 195 000 теңгеге дейін өседі.
Жоғары білім беру жүйесінде оқытудың жаңа форматын - онлайн-оқытуларды енгізу жоспарлануда. Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады. Жалпы, жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады, олардың 60% - ы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді.
Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын жүзеге асыру – азаматтарға «микробіліктіліктер», «нано-дәрежелер», «кеңейтілетін дәрежелер», «күміс университеттер» және т.б. арқылы кәсіби дағдыларды меңгеру мүмкіндігін беру.
Жоғары білім деңгейінде практикаға бағытталған кадрларды даярлау мақсатында қолданбалы бакалавриатты енгізу. Бұл еңбек нарығының сұраныстарына тез және ұтқыр ден қоюға мүмкіндік береді.
Студенттердің университеттің қоғамдық өміріне және волонтерлік қызметке қатысу дәрежесін айқындау үшін интеграцияланған әлеуметтік GPA енгізіледі. Бұл студенттердің азаматтық-патриоттық құндылықтары мен қоғамдық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында отандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік ЖОО-ның филиалдарын ашу жоспарлануда. Шетелдік жоғары оқу орындарының интеграциясы кадрлар даярлау сапасын арттыруды ынталандыратын, жастардың кетуін азайтуға және шетелдік студенттерді тартуға ықпал етеді.
Ғылым тұрақты қаржыландырылады. Ғалымдарға ғылыми идеяларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер берілді. Ғылымды дамытуды салааралық үйлестіру мақсатында ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің басым стратегиялық міндеттерін айқындау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру жоспарлануда.
Министрлік жоғары оқу орындарының академиялық, басқарушылық, қаржылық дербестігін кеңейту арқылы зияткерлік әлеуетті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Академиялық артықшылық орталығы жобасын жүзеге асыру - алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудағы игі құралдардың бірі.