Кездесуге әр буынның өкілдері және түрлі пән мұғалімдері қатысты. Университет үшін түлектерінің кәсіби жетістіктері ерекше маңызды. Себебі ол педагогтарды даярлау сапасының көрсеткіштерінің бірі, әрі ҚӨУ педагогикалық мектебіндегі дәстүрлер сабақтастығын айғақтайды.
Кездесудің басты тақырыбы – болашақ педагогтарды даярлауда университет пен мектеп арасындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын дамыту. Бүгінде сапалы педагогикалық білім берудің маңызды шарттарының бірі – студенттердің мектеп өміріне етене араласып, ұстаздармен тікелей тәжірибе алмасуы.
Университет еліміздің үздік педагогтарына, ҚӨУ түлектеріне оқу үдерісіне белсенді араластыруды ұсынды. Мектеп мұғалімдері студенттерге практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, мектептегі нақты жағдайларды бірге талдай алады.
Мұндай тәжірибе алмасу болашақ ұстаздарға сабақты тиімді ұйымдастыруды, оқушының білімге деген қызығушылығын арттыруды, оқу жетістігін бағалауды және түрлі педагогикалық мәселелердің шешімін табуды тәжірибе арқылы үйренуге жол ашады.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – практикалық сабақтардың бір бөлігін мектептерде өткізу. Студенттер тәжірибелі мұғалімдердің сабақтарына қатысып, олардың жұмыс тәсілін үйренеді, сабақтарды бірге талқылайды. Сондай-ақ оқу материалдарын бірлесіп әзірлеп, өздері сабақ өткізіп, ұстаздардан ақыл-кеңес алады.
Дуалды оқыту мен кәсіби тәлімгерлік элементтерін дамытуға да ерекше назар аударылды. Өңірдің үздік ұстаздары болашақ мұғалімдерге педагогикалық практика кезінде ғана емес, оқу барысында да бағыт-бағдар береді.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу. Педагогтар студенттердің ғылыми жобаларына қатысып, жаңа әдіс-тәсілдерді бірге сынап, әдістемелік құралдар әзірлей алады. Ал мектептер білім берудегі өзекті мәселелерді зерттеп, жаңа идеяларды тәжірибеде сынайтын ортаға айналады.
Осылайша, ҚӨУ «университет дайындайды, мектеп тәжірибеден өткізеді» деген қалыпты үлгіден, университет пен мектеп болашақ мұғалімді бірлесіп даярлайтын тығыз кәсіби серіктестік форматына көшуді ұсынып отыр.
Кездесу барысында осы бағыттағы нақты ұсыныстар талқыланып, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын жұмыстардың алғашқы қадамдары айқындалды.
ҚӨУ-дің үздік түлектері – тәжірибелі ұстаздардың білімі мен өнегесі болашақ мұғалімдер үшін үлкен мектеп. Олардың тәжірибесін студенттерге жеткізу – жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жол ашып, университеттегі педагогикалық білім берудің сапасын арттыруға ықпал етеді.












