Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де «Серпін – 2050» мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша алдағы оқу жылына талапкерлерді тартуға бағытталған баспасөз мәслихаты өтті.
Қостанай өңірлік университеті 2015 жылдан бастап «Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын белсенді жүзеге асырып келеді.
Бағдарлама мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік және шығыс, батыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтыды.
Бағдарламаға қатысқан жылдар аралығында университет 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды дайындады. Оқу орнының ректоры Алма Дощанованың айтуынша биылғы оқу маусымында студенттерді қабылдау қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналмақ. Оқу ордасы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен 500 студентті Қостанай өңірлік университетінде білім алуға тартамыз деп жоспарлап отыр.
ҚӨУ-де қазіргі уақытта 300-ге жуық студент «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Олардың кейбірі бүгін баспасөз мәслихатына қатысып, университет пен жалпы Қостанай қаласы туралы өз әсерлерімен бөлісті, студенттік өмірлері туралы әңгімеледі. Қуантарлығы, барлық студенттер жаңа достар, ұстаздары мен тәлімгерлері тарапынан қолдау тапқан.
Айта кету керек, биыл бағдарламаға бірқатар түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Егер өткен жылдары «Серпін» мемлекеттік гранты есебінен білім алған түлектер тек сол өңірде қызмет етуі керек болса, енді олар Қазақстанның барлық солтүстік өңірінде, соның ішінде: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында қызметке орналаса алады. Сондай-ақ оңтүстіктен келген үміткерлерді қолдаудың әлеуметтік пакетін қалыптастыру мүмкіндігі мен логистика мәселесі де қарастырылуда.
Алдағы оқу жылына барлығы 61 мың мемлекеттік білім гранты бөлінсе, оның 35 пайызы «Серпін» бағдарламасына тиесілі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқаулығына сәкес техникалық мамандықтарға басымдылық беріледі.
Жуырда университеттің 4 оқытушысынан құралған жұмыс тобы кәсіптік бағдар беру мақсатында оңтүстік өңірлерге аттанбақ.