А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мен «ОлжаАгро» ірі агроөнеркәсіптік холдингі» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бүгінгі таңда университет 167 білім беру бағдарламасы бойынша оқытады, оқу орны серіктестік байланыстарды кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Меморандумның негізгі мақсаты – цифрландырудың заманауи сұраныстарына жауап беретін бизнес пен білімнің жаһандық интеграциясы, 4.0 индустриясы.
«Олжа Агро» ЖШС – университетіміздің серіктесі, ол еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік холдинг. Өндірістің, бизнестің және білімнің ынтымақтастығы мемлекетіміздің дамуында маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы кездесуіміздің мәртебесі ерекше, – деді университет ректоры Алма Дощанова.
Ынтымақтастық бірнеше бағытта жүргізілетін болады: А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-не мамандарды даярлауға мақсатты гранттар бөлінеді. Бір айта кетерлігі, гранттар тек ауыл шаруашылығы мамандықтарына ғана емес, сонымен қатар IT-мамандары, педагогикалық, инженерлік-техникалық және экономика мамандықтары үшін де беріледі. Тағы бір бағыт - бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу. Яғни «Олжа Агро» аталған меморандум аясында университет ұсынған ғылыми жобаларды қаржыландыруға дайын. Ол үшін бірлескен агротехнологиялық парк құру жоспарда бар. Сонымен қатар «Олжа АГРО» ЖШС мамандары университет базасында біліктіліктерін арттыра алады. Ал ЖОО студенттері үшін бұл - дуалды және тәжірибеге бағытталған оқытудың негізі болып табылатын тәжірибенің барлық түрінен өту мүмкіндігі. Бұл мақсатқа «Олжа Агро» ЖШС тәжірибе базасы болатын оқу шаруашылығын бөледі. Мұнда бірінші кезекте ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана алатын болады.
«Біз ынтымақтастығымызды бұрынғы сарынға қоюға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Тәжірибелерге қажетті қаржы, химия, тыңайтқыштарды бөлуге дайынбыз. Өйткені бұл болашаққа ауадай қажет»,-деп «Олжа Агро» ЖШС-нің бас директоры Айдарбек Ходжаназаров өз ойын білдірді.
Агроөнеркәсіп холдингі басшысының айтуынша Қостанай өңірлік университетінің түлектері тәжірибе өткеннен кейін ЖШС-де жұмысқа қалуға ынталы болса, жас маман ретінде көптеген мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, маусымдық жұмыстар кезінде мамандардың жалақысы 350 мыңға дейін жетеді және серіктестік қызметкерлеріне толық әлеуметтік пакет ұсынылады.
Бизнес пен университеттің ынтымақтастығы ірі кәсіпорындарға білікті мамандарды жұмысқа тартуға, ЖОО түлектерін қайта даярлау, біліктіліктерін арттыруға арналған шығындарды азайтуға және жас мамандарды аймақта ұстап қалуға мүмкіндік береді.