Оқу ісі жөніндегі басқарманың Инновациялық технологиялар орталығы НЗМ АҚ «Педагогикалық шеберлік орталығымен» бірлесіп А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің оқытушыларына «Критериалды бағалау технология ретінде» атты оқыту семинарларын ұйымдастырды.
Іс-шара модераторлары «НЗМ» АҚ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Елена Онищенко мен «НЗМ» АҚ ПӘК менеджері Кенжегүл Сағадиева биылғы мектеп түлектерінің жаңартылған оқыту жүйесі бойынша білім алғанын, сондықтан университет оқытушыларының да студенттерді критериалды бағалау жүйесіне инновациялық тәсілді енгізу қажеттігін атап өтті.
Семинарға барлығы 45 оқытушы мен оқу ісі басқармасының әдіскерлері қатысты.
Бүгінгі таңда пәндерді оқыту әдістемесін жетілдіру, сауатты мамандарды даярлау, студенттердің білімін объективті бағалау – заманауи жоғары білім берудің басты міндеттерінің бірі. ЖОО-ның оқу үдерісіне критериалды бағалауды енгізу - басым міндеттердің бірі.
Студенттерді бағалау үдерісін қайта қарау қажеттілігі білім берудің қазіргі міндеттерімен анықталады: біріншіден, халықаралық стандарттар мен білім сапасына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, білім деңгейін міндетті түрде арттыру; екіншіден, білім беру сапасын дамыту қажеттілігі, оқу нәтижелерінің объективтілігі мен ашықтығын және қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің өзге елдерде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру жетістіктерін бағалауға қойылатын бірыңғай талаптарды қарастыру. Педагогикалық тәжірибеде кеңінен қолданылатын балдық-рейтингтік жүйе бойынша бағалау әдісі қарапайым, әрі таныс екені даусыз. Бірақ бағалау жүйесін жетілдіру, көп функциялы ету керек. Бағалау студентке оқу материалын қаншалықты сәтті игергенін немесе практикалық дағдыны қалыптастырғанын өз бетінше анықтауға мүмкіндік беруі керек, сонымен қатар танымдық іс-әрекеттің әртүрлі салаларындағы табыс динамикасын көрсетуі және ең бастысы, ынталандыру механизмінің дамуына ықпал ететін өзін-өзі бағалауға негізделуі керек. Бұл оқу процесінде жүйелі көзқарастың тұтастығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жаңартылған білім беру парадигмасының қалыптасуы, құзыреттілікке негізделген жаңа білім беру стандарттарының пайда болуы студенттердің жеке жетістіктерін критериалды бағалаудың бірыңғай технологиясын жасауға ықпал етеді.