Сіз Литвада студенттерге сабаққа иттерін алып келуге рұқсат етілгенін білдіңіз бе? Осы және басқа да қызықты жайттар туралы Erasmus+ бағдарламасы аясында шетелді бағындыруға аттанған Baitursynuly University-нің «Ветеринариялық медицина» білім беру бағдарламасының студенті Дарья Жабыкпаева айтып берді.
Оқу және университет
Литваның денсаулық сақтау ғылымдары университеті (LSMU) жоғары деңгейдегі оқытуымен таңғалдырды. Дәрістер мазмұнды әрі жүйелі өтеді, ал оқытушылар болса өз саласының нағыз майталмандары.
Ең үлкен тосынсый - студенттердің сабаққа иттерін ертіп келуге рұқсат етілуі болды. Бұл достық атмосферасын қалыптастырады. Аудиторияда төрт аяқты достарды көру – ерекше әсер сыйлайды!
Каунас қаласы
Каунас – бай тарихы мен әсем сәулеті бар жайлы әрі тыныш қала. Ескі қалада серуендеп жүріп, орта ғасыр рухын сезінуге болады, ал заманауи кафелер мен жайлы саябақтар ерекше жайлылық сыйлайды. Әсіресе, Қамал тауынан ашылатын көрініс пен Нямунас өзені бойымен серуендеу - естен кетпес сәттердің бірі.
Адамдар және мәдениет
Литвалықтар мейірімді және көмекке дайын жандар екен. Сырттай өте байсалды болып көрінгенімен, жергілікті тұрғындар жаңа ортаға бейімделуге көмектесіп, әрдайым әңгімелесуге ашық.
Әртүрлі елден келген студенттермен танысу коммуникация деңгейін арттыруға өз септігін тигізді. Италия, Франция, Түркия, Косово, Испания студенттерімен араласу менің дүниетанымымды кеңейтті. Италиялық студенттер медицинаның ерекше тәсілдері мен гастрономияға деген сүйіспеншіліктері туралы бөліссе, француздар – Париждегі студенттік өмір туралы, түріктер – өздерінің ұлттық мерекелері мен мәдени ерекшеліктері жайлы, Косово студенттері – білім жүйелерінің қалай құрылғанын, ал испандықтар – футболға деген шексіз құмарлықтарын сөз етті. Мұндай қарым-қатынас үлкен халықаралық отбасының бір мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік берді.
Азық-түлік бағасы
Супермаркеттегі азық-түлік бағасы Қазақстанға қарағанда сәл қымбатырақ, бірақ сапалы әрі қолжетімді өнімдер табуға болады. Кафе мен асханалардағы орташа чек 6-10 еуроны құрайды, бұл студенттер үшін қолайлы баға. Жергілікті жаңа піскен нан өнімдері мен сүт тағамдары ерекше дәмді болып келеді.
Жатақханада тұру
Жатақхана жайлы және заманауи. Бөлмелер жылы, барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ең басты артықшылығы – университетке жақын орналасуы, бұл уақытты айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі.
Қорытынды
Бұл сапар мен үшін академиялық және жеке дамуымдағы маңызды кезең болды. Мен тек құнды білім ғана емес, жаңа достар тауып, басқа мәдениетпен танысып, Еуропадағы білім беру жүйесіне деген көзқарасымды кеңейттім.
Егер сіз де саяхат жасап, біліміңізді одан әрі шыңдағыңыз келсе, академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуға кеңес беремін!